Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Талибан балалар некесін заңдастырды

Талибан балалар некесін заңдастырды
Сурет: lbk.ru

«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда кәмелетке толмағандардың некеге тұруын заңды деп танитын құжат жариялады. Бұл туралы ауғандық тәуелсіз Amu TV басылымы мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Құжаттың бір бабына сәйкес, қыз бала жыныстық жетілу жасына жеткеннен кейін оның үндемеуі некеге тұруға келісім бергені деп бағалануы мүмкін. Ал жігіт немесе бұрын тұрмыста болған әйел адамның осылайша үндемеуі автоматты түрде келісім болып саналмайды.

Жаңа нормалар сонымен қатар балалар некесін қию кезінде әкелер мен аталарға кең өкілеттік береді. Мәтінде кәмелетке толмағандардың некесін басқа туыстары рәсімдесе де, егер ерлі-зайыптылардың «әлеуметтік үйлесімділігі» мен тиісті қалыңмалы болса, ол неке жарамды деп танылуы мүмкін екені айтылған.

Amu TV-дің мәліметінше, кәмелетке толмаған бала мұндай некені тек жыныстық жетілу жасына жеткеннен кейін және тек сот шешімі арқылы ғана бұза алады.

Бұл құжаттың жариялануы 2021 жылдың тамызында талибтер билікке қайта оралғаннан кейін әйелдер мен қыз балалардың құқығын шектеудің күшейіп тұрған тұсына тұспа-тұс келіп отыр.

Қазір Ауғанстанда қыздарға алтыншы сыныптан кейін оқуға тыйым салынған. Сондай-ақ әйелдер жоғары білім алу мүмкіндігінен айырылып, жұмысқа орналасу, еркін жүріп-тұру және қоғамдық өмірге қатысу құқықтары шектелген.

Сонымен қатар, 2024 жылы талибтер әйелдерге басқа әйелдердің көзінше дауыстап дұға оқуға тыйым салды.