Соңғы айларда Қазақстандағы ең көп талқыланған компаниялардың бірі – “VD Stroy Engineering”. Әсіресе журналист Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық істен кейін бұл атау қоғам назарынан түспей қойды.
Бірі компанияны ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жүрген құрылыс алпауыты дейді. Енді бірі оның айналасында ықпалды адамдар тұр деп күмәнданады. Әлеуметтік желіде түрлі болжам, байланыс, «жоғары жақтағы қолдау» туралы әңгіме көбейді.
Осы даулардан кейін “VD Stroy Engineering” компаниясының жетекшісі Азамат Усимбеков алғаш рет ашық сұхбат беріп, қоғамда жүрген негізгі сұрақтарға жауап қайтарды.
Ботагөз Омарова ісі неліктен үлкен резонанс тудырды?
Соңғы уақытта қоғамда ең көп талқыланған мәселелердің бірі – журналист Ботагөз Омароваға қатысты іс болды. Оның жарияланымдары “VD Stroy Engineering” компаниясына байланысты болғандықтан, бұл жағдай бірден сөз бостандығы мен бизнес мүддесі арасындағы дауға айналды.
Қоғамның бір бөлігі мұны журналистке қысым ретінде қабылдаса, енді бірі компания өз беделін қорғауға тырысып отыр дейді.
Дәл осы резонанс аясында Ulysmedia.kz Азамат Усимбековті ашық сұхбатқа шақырып, қоғамда айтылып жүрген негізгі күмәндарға жауап алуға тырысқан.
«Президенттің туысы емес екенімізді дәлелдеуден шаршадық»
Сұхбаттағы ең назар аудартқан мәселенің бірі – компанияның билікпен байланысы туралы әңгімелер болды.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде “VD Stroy Engineering” компаниясын президент айналасындағы адамдармен байланыстыратын түрлі болжам тараған. Әсіресе мемлекеттік тендерлер мен ірі жобалардан кейін мұндай күдік күшейе түскен.
Алайда Азамат Усимбеков бұл әңгімені ашық жоққа шығарды. Оның айтуынша, отбасының ешқандай саяси немесе әкімшілік ресурсы болмаған.
Кәсіпкердің сөзінше, олардың құрылыс саласындағы жолы Ақтөбеден басталған. Әкесі бұл бизнеспен 20 жылдан астам уақыт бұрын айналыса бастаған. Қазір отбасы сол бағытты республикалық деңгейде жалғастырып отыр.
Компания неге жиі даудың ортасында жүр?
“VD Stroy Engineering” атауы тек журналист ісінде ғана емес, жұмысшылар мен мердігерлер арасындағы дауларда да бірнеше рет аталды.
Әлеуметтік желіде:
– еңбекақы мәселесі;
– құрылыс жобалары төңірегіндегі наразылық;
– мердігерлер арасындағы келіспеушіліктер жиі талқыланған.
Сонымен қатар “Азаттық” жариялаған материалдардан кейін компанияға қатысты қоғамдық қызығушылық одан сайын күшейген.
Қазақстанда ірі тендер ұтып алған кез келген компания автоматты түрде қоғам назарын аударады. Себебі халықтың көкейінде бір сұрақ тұрады:
«Мұндай көлемдегі жобаларды кімдер алып жатыр және қалай алып жатыр?»
Тендер мен миллиардтар: қоғам нені білгісі келеді?
Сұхбат барысында мемлекеттік тендерлер тақырыбы да қозғалған.
Соңғы жылдары Қазақстанда инфрақұрылымдық жобаларға миллиардтаған теңге бөлініп жатыр. Жол, құрылыс, инженерлік нысандар – мұның бәрі ірі компаниялардың қолына өтеді.
Осындай кезде қоғам:
– конкурс қаншалық әділ өтеді;
– нақты кімдер пайда көріп отыр;
– нарықта шынайы бәсеке бар ма деген сұрақтарды жиі қояды.
Сондықтан “VD Stroy Engineering” төңірегіндегі талқылау бір компанияның мәселесінен әлдеқайда кең тақырыпқа айналып кеткен.
Усимбеков сұхбат барысында “Рим Строй” компаниясына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл ұйым жобада субмердігер ретінде жұмыс істеген.
Кәсіпкердің сөзінше, оларды жобаға Capital Engineering арқылы серіктестік негізде тартқан. Алайда кейін мердігерлер арасындағы ішкі дау күрделене бастаған. Усимбеков бұл жағдай ұзақ уақыт бойы тапсырыс беруші тарапқа белгісіз болғанын айтады.
Оның пікірінше, кейін белгілі бір тараптар медиалық қысым арқылы компаниядан ақша өндіріп алуға тырысқан.
«Ашық айтпаса да, бұл – бопсалау мен қысымға ұқсайтын жағдай болды. Жарияланымдар арқылы 600 миллион теңге талап етуге тырысты. Бірақ олар біздің ешкімге заңдық та, нақты да қарызымыз жоқ екенін жақсы білді», – деді кәсіпкер.
Усимбековтің сөзінше, журналист Ботагөз Омарова компания позициясынан хабардар болған. Ол өз сөзінде: компанияның қарызы жоқ екені айтылғанын, бұл туралы ашық мәлімдемелер жасалғанын, кейін кей мердігерлердің өздері де “VD Stroy Engineering”-ке шағымы жоғын айтқанын жеткізді. Соған қарамастан, кәсіпкердің айтуынша, жарияланымдар жалғаса берген.
«Ботагөз “Рим Стройға” өзі шықты ма, әлде олар оған шықты ма – оны нақты білмеймін. Бірақ сол кезде оның біздің қарызымыз жоқ екенін білгеніне сенімдімін», – деді Усимбеков.