Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

НАТО Ресейді су астындағы ядролық зымырандарды әзірлеп жатыр деп күдіктенеді

НАТО Ресейді су астындағы ядролық зымырандарды әзірлеп жатыр деп күдіктенеді
Сурет: Вадим Савицкий / ТАСС

НАТО барлау қызметі Ресейдің Солтүстік флотының әрекеттеріне мониторинг жүргізу барысында, теңіз түбіне ядролық оқтұмсық тасуға қабілетті зымырандарды орналастыру әрекеттерін байқаған. Бұл туралы ARD телеарнасы WDR және NDR арналарының бірлескен зерттеуіне сілтеме жасай отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Зерттеуші журналистер бірнеше ай бойы «Скиф» деген кодтық атауы бар құпия жобаны мұқият зерттеген. Олар спутниктік суреттерді, ресейлік ғылыми мәліметтер базасын, тарихи құжаттарды талдап, әскери мамандармен сұхбаттасқан.

Алынған мәліметтерге, соның ішінде НАТО барлау қызметінің деректеріне сүйенсек, Ресей көп жылдан бері баллистикалық зымырандарды теңіз астында бұрын-соңды болмаған тәсілмен орналастыру жолында жұмыс істеп жатуы мүмкін. Зерттеу авторлары: «Мұндай ұшыру қондырғыларын табу да, жою да іс жүзінде мүмкін емес», — деп атап өтеді.

Неміс зерттеушілерінің дерегі бойынша, бұл арнайы әскери жоба үшін «Скиф» зымыраны әзірленген. Бұл – қазіргі таңда ресейлік сүңгуір қайықтар қолданыстағы «Синева» зымыранының модификацияланған нұсқасы. Жаңа зымырандар теңіз түбінен ұшырылуға арналған және оның ұшу қашықтығы бірнеше мың шақырымды құрайды. Олардың алғашқы сынақтары «бірнеше жыл бұрын» өткізілген.

Батыс барлау қызметтерінің ақпаратына қарағанда, ядролық оқтұмсықтарды теңіз түбіндегі бірнеше жүз метр тереңдікте арнайы орнатылған шахталар мен контейнерлерде сақтауға болады. Бұл қарулар теңіз түбінде ұзақ уақыт жатып, қажет болған жағдайда қашықтан басқару арқылы іске қосылуы мүмкін.

НАТО дереккөздері бұл зымыран шахталарын орнатуға Северодвинск қаласында орналасқан «Звездочка» кемесі мен «Саров» сүңгуір қайығы қолданылуы мүмкін деген болжам айтады. НАТО да, Ресей Қорғаныс министрлігі де бұл жобаға қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Ресейдің Берлиндегі елшілігінде бұл мәселе бойынша ақпарат жоқ екенін жеткізген.

Берлиндегі «Ғылым және саясат» (SWP) қорының сарапшысы Хельге Адрианстың пікірінше, зымырандарды теңіз түбіне орналастыру Ресейге қымбат сүңгуір қайықтарға деген тәуелділікті азайтып, ядролық қауіпсіздік жүйесін үнемді сақтауға мүмкіндік береді. Алайда, бұл жоба теңіз ағыстарының әсері, шахталардың лайлануы, электр қуатымен қамтамасыз ету және деректерді беру сияқты күрделі техникалық қиындықтармен байланысты.

Айта кетейік, АҚШ, КСРО және басқа да 80-ге жуық ел 1971 жылы теңіз түбіне ядролық қару орналастыруға тыйым салынған шартқа қол қойған болатын. Алайда, бұл келісім тек халықаралық суларға қатысты және мемлекеттерге өздерінің аумақтық суларында мұндай жүйелерді орналастыруға шектеу қоймайды. 2017 жылы РФ Әуе-ғарыш күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы Виктор Бондарев теңіз түбінде жасырылған «Скиф» зымырандары Ресей арсеналында бар екенін мәлімдеген еді.