Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданында рейдтік іс-шаралар барысында заңсыз алтын өндіру фактісі анықталды. Құзырлы органдардың бірлескен әрекеті нәтижесінде ауыр техника қолданған топ ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға сәуір айында Маралды ауылдық округіне қарасты «Көлшілік» учаскесінде болды. Күршім ауданының прокуратурасы, ШҚО бойынша ҰҚКД және орман шаруашылығы қызметкерлері жүргізген рейд кезінде пайдалы қазбаларды заңсыз қазып жатқан азаматтар ұсталды.
"Алтын өндірушілер ауыр мамандандырылған техникалар мен спутниктік байланыс құралдарын пайдаланған. Оқиға орнында барлығы 4 адам қолға түсті. Олардың арасында Өзбекстан Республикасының азаматы да бар, ол еліміздің аумағында заңсыз жүрген. Құқық қорғау органдары шынжыр табанды экскаваторды, автокөлік пен мотоциклді, қымбат тұратын металл іздегіштер мен басқа да арнайы құрал-жабдықтарды тәркіледі", - деп хабарлады өңірлік прокуратура.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 295-1-бабы («Жер қойнауын өз бетінше пайдалану») негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты іске қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.