Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

«Мені ешкім қорғамайды»: психолог студенттердің неге әлімжеттік көретінін түсіндірді

«Мені ешкім қорғамайды»: психолог студенттердің неге әлімжеттік көретінін түсіндірді
ЖИ арқылы жасалды

Соңғы бір айдың ішінде Қазақстанда студенттер мен жасөспірімдерге қатысты бірнеше ауыр қылмыс қоғамды алаңдатып қойды. Қызылордадағы жатақханадағы жұмбақ өлім, Талдықорғандағы пышақтау, Алматыдағы студент қызға күш көрсету туралы ақпарат, Шымкенттегі жүйелі әлімжеттікке қатысты сот. Мұның бәрі бір-бірінен бөлек оқиға болғанымен, бәріне ортақ сұрақ біреу ғана: «Неге қоғам әлі күнге оқу орындарындағы әлімжеттікпен әлек болып келеді?».

Мәселен, Қызылордадағы жағдай қоғамда қызу талқыланған жайттың бірі болды. Бірінші курс студенті небәрі 16 жастағы Нұрдәулет Мырзалының өлімі әлеуметтік желіде үлкен резонансқа айналды. Марқұмның туыстары жоғары курс студенттері «сыйламады» деген сылтаумен бірінші курс балаларын ұрып-соққанын айтты. Ең ауыр айып – жасөспірімді өлімші етіп сабап, кейін болған жайтты жасыруға тырысқан деген күдік. Қазір іс «адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.

Бұл оқиға көпшілікке студенттік ортадағы «тәртіп орнату», «үлкенді сыйлату», «тәрбиелеу» деген атпен жүретін бейресми күш көрсету мәдениетінің әлі жойылмағанын көрсетті. Әсіресе жатақханаларда бақылаудың әлсіздігі мен жабық орта әлімжеттіктің жасырын тамыр жаюына мүмкіндік беріп отырғаны жиі айтылады.

Алматыдағы Қонаев университетінің жатақханасында студент қыздың соққыға жығылғаны туралы ақпарат та қоғам назарынан тыс қалмады. Ресми мәлімет әлі толық жарияланған жоқ, бірақ әлеуметтік желідегі талқылаулар жастар арасындағы психологиялық қысым, буллинг пен топтық зорлық мәселесінің қаншалықты ушығып кеткенін көрсетті.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдайлардың көбеюіне бірнеше фактор әсер етеді. Біріншіден, көптеген жатақханада бақылау әлсіз. Екіншіден, жастар арасындағы психологиялық көмек жүйесі әлі де жеткіліксіз. Үшіншіден, агрессияны «мінез», «қаталдық», «авторитет» ретінде қабылдайтын орта қалыптасып кеткен.

Qazaq Expert клубының маманы, психолог, Жадыра Сабированың сөзінше, соңғы кезде студенттер арасындағы қатыгездік, әлімжеттік пен күш көрсету оқиғаларының жиілеуін қоғамдағы бірнеше факторлармен байланыстыруға болады.

– Біріншіден, қоғамда агрессияның қалыпты құбылыс ретінде қабылдануы күшейіп келеді. Әлеуметтік желілерде күш көрсету, қорқыту, біреуді көпшілік алдында кемсіту контенті жиі таралады. Жастар соны бедел мен ықпалдың белгісі ретінде қабылдауы мүмкін. Екіншіден, эмоционалдық сауаттылықтың төмендігі байқалады. Көп жастар өз эмоциясын, ашуын, ішкі қысымын конструктивті түрде шығаруды білмейді. Оның орнына күш көрсету арқылы өзін дәлелдеуге тырысады. Кейбір ортада «қатты болу», «ешкімнен қорықпау» ер азаматтықтың немесе лидерліктің белгісі ретінде қалыптасқан, – дейді маман.

Сонымен қатар, психолог отбасындағы бақылаудың әлсіреуі, психологиялық қолдаудың жетіспеуі және әлеуметтік теңсіздіктің әсерін жоққа шығармайды. Өйткені ішкі сенімсіздігі бар жастар көбіне күш көрсету арқылы өзін маңызды адам ретінде сезінгісі келеді.

– Сондықтан кей жастар үшін қорқыту «авторитет» емес, ішкі әлсіздікті жасыру механизмі. Әлімжеттік көрген студенттердің көбі ашық айтпайды, себебі оларда қорқыныш өте жоғары. Олар «тағы қысым көремін», «маған ешкім көмектеспейді», «әлсіз болып көрінемін» деп ойлайды. Жастар ортасында жәбірленушіні емес, көбіне күш көрсеткен адамды «беделді» көру тенденциясы бар. Бұл өте қауіпті мәдениет, – деп ойын өрбітті Жадыра Сабирова.

Көп жағдайда студенттер әкімшілікке немесе ересектерге сенбейді. Маманның осы сөзі жастар шағым айтқаннан кейін де мәселе шешілмейді деген тәжірибе қалыптасқанын көрсетіп отыр. Тіпті, кейбірі өз ортасынан шеттеп қалудан қорқады. Әсіресе жатақхана, жабық топтар немесе иерархиясы қатты ортада үнсіздік мәдениеті күшейеді.

– Күш арқылы бедел орнату мәдениеті бірнеше жерден қалыптасады: отбасыдағы қатал тәрбие, мектептегі буллингке немқұрайлық, әлеуметтік желідегі агрессивті модельдер және қоғамдағы «күштінікі дұрыс» деген жасырын түсінік. Егер бала кішкентайынан диалог емес, қысым арқылы мәселе шешілетінін көрсе, кейін соны қалыпты мінез ретінде қабылдайды, – дейді психолог.

Осындай қайғылы оқиғалар қоғамда резонанс тудырғанымен, мәселе түбегейлі шешілмей келеді, себебі көбіне біз салдармен күресеміз, ал себептер өзгеріссіз қалады. Жадыра Сабирова өз сөзінде көп оқу орнында профилактика формалды деңгейде өтетінін алға тартып отыр. Расымен де, бір өкініштісі әзірге әлімжеттіктің алдын алу жиналыс өткізу, ескерту айтумен шектеліп, ал студенттердің психологиялық ахуалымен жүйелі жұмыс аз жүргізіліп отыр.

– Ең алдымен оқу орындары қауіпсіз орта құруға басымдық беруі керек. Студент анонимді түрде көмек сұрай алатын жүйе болуы маңызды. Психолог тек құжат үшін емес, нақты жұмыс істейтін маман болуы қажет. Сонымен қатар кураторлар мен оқытушылар буллинг пен әлімжеттіктің алғашқы белгілерін тануға үйретілуі керек. Мемлекет деңгейінде эмоционалдық интеллект, конфликтіні бейбіт шешу, психологиялық мәдениет тақырыптарын білім беру жүйесіне ертерек енгізу қажет деп ойлаймын. Біз балалар мен жастарды тек академиялық жетістікке емес, қарым-қатынас мәдениетіне де үйретуіміз керек. Себебі қауіпсіз қоғам тек бақылаумен емес, психологиялық сауаттылықпен қалыптасады, – деп сөзін түйіндеді маман.

Қазір қоғам тек қылмыскерлердің жазалануын емес, оқу орындарындағы бақылау жүйесінің өзгеруін, жатақханалардағы жауапкершіліктің күшеюін және буллингке қарсы нақты механизмдердің енгізілуін талап ете бастады. Өйткені студент үшін жатақхана білім алатын кезеңнің бір бөлігі болуы керек, қорқыныш пен зорлықтың мекені емес.