АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясымен уранды өңдеуге қатысты мәселеде бір шешімге келді. Яғни құрлықтың ар жағында жатқан елдің билігі арабтарға уранды өндіруге көмектесіп қана қоймай, енді бұл аймақта тағы бір ядролық қаруы бар державаны дүниеге әкелмек, деп хабарлайды Arasha.kz.
The Wall Street Journal-ның жазуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясымен ядролық энергетика саласын дамыту мақсатындағы келісімге келгенін жазады. Келісіммен таныс адамдардың берген жасырын ақпаратына сенсек, бұл жерде жай ғана көмек болмайды, уранды өңдейтін зауыттың құрылысы басталуы мүмкін. Дегенмен таяқтың екінші ұшы бар: бұл келісім президент "айтты" екен деп жүзеге аса салмады. Ол алдымен АҚШ-тың Конгрессінен келісім алу керек. Тап осы жерде талас басталады. Сынға алып жатқан сарапшылардың пікірінше, өзі соғыс қауіпі тұтанып кетудің алдында тұрған аймақта тағы бір ел ядролық қаруы бар технологиясымен келуі ешкімге оңай соқпайды деп отыр.
Бір қызығы, бұған дейін АҚШ БАӘ елімен мұндай келісімге келген. Атап айтқанда, "Барака" атом электростанциясын салу жайында болып отыр. Алайда ол келісімде бір айырмашылық бар: БАӘ елі уранды өзінде өндіруге келісім бермеген. Яғни келісімнің мәні мынада, БАӘ елі атомды ток көзі ретінде пайдаланғысы келеді, бірақ оны тек бейбіт мақсатта. Ал Сауд Арабиясының мүддесі қандай екені әлі белгісіз. Белгісіз дейміз, бірақ бұған дейін Сауд Арабиясының басшысы, тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман, Иран атом бомбасын дүниеге әкелсе, арабтардың қарап қалмайтынын, олардың да сол жолға түсуіне тура келетіні туралы ойын астарлап та жеткізген.