Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Сараптама

Алғашқы АЭС қанша тұрады: сарапшылар пікірі білдірді

Алғашқы АЭС қанша тұрады: сарапшылар пікірі білдірді
ЖИ арқылы жасалды

Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасының құрылысы шамамен 16,4 млрд долларды құрайды. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді. Оның сөзінше, аталған сома екі энергоблоктың құрылысына, сондай-ақ физикалық қауіпсіздік жүйелері мен әлеуметтік инфрақұрылымға жұмсалады. Оның шамамен 2 млрд доллары қауіпсіздік пен әлеуметтік нысандарға бағытталады.

Жобаны қаржыландырудың басым бөлігі Ресей тарапынан берілетін экспорттық несие есебінен жүзеге асады. Ресей мен Қазақстан АЭС құрылысы бойынша ынтымақтастықтың негізгі шарттары және мемлекеттік экспорттық несие беру туралы үкіметаралық келісімдермен алмасқан.

«Росатом» басшысы Алексей Лихачев Ресей несиесі жобаға қажетті қаржының басым бөлігін қамтитынын, алайда белгілі бір бөлігі Қазақстан тарапының мойнында қалатынын айтты.

Отандық сарапшылар АЭС жобасының экономикалық және стратегиялық салдарына әртүрлі қырынан баға беріп отыр. Бірқатар маман жобаның елдегі энергия тапшылығын азайтып, өнеркәсіп пен инфрақұрылымның дамуына серпін беруі мүмкін екенін айтса, енді бірі ұзақмерзімді несие жүктемесі, технологиялық тәуелділік және тариф мәселесіне назар аударуда.

Несие АЭС іске қосылғаннан кейін өтеледі

Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Ресейден берілетін экспорттық несие Қазақстан бюджетіне тікелей түспейді. Қаржының едәуір бөлігі АЭС құрылысына қажет генераторлар мен технологиялық құрылғылар өндіретін Ресей зауыттарына бағытталады. Оның сөзінше, бұл қаржы Ресейдің өз өндірісін қаржыландыруға жұмсалады.

«Қаржының шамамен жартысы Ресейдің өз ішінде қалады. Себебі АЭС-ке қажет негізгі құрылғыларды сол елдің зауыттары өндіреді. Яғни Ресей өз технологиясын өзі қаржыландырып отыр. Ал қалған бөлігі Балқаштағы құрылыс жұмыстарына, инфрақұрылымға, құрылыс материалдарына және жобалау процестеріне жұмсалады. Бұл жоба 8-9 жылға созылады деп жоспарланып отыр. Осы кезеңдегі негізгі шығындарды Ресей тарапы көтереді», – дейді сарапшы.

Сарапшының пікірінше, қазіргі кезеңде жоба Қазақстан бюджетіне тікелей ауыр салмақ түсірмейді. Оның айтуынша, несие АЭС іске қосылып, электр энергиясын сату басталғаннан кейін ғана өтеле бастайды.

«Мұндай ірі инвестициялық жобаларда қарыз, негізінен, нысан іске қосылғаннан кейінгі табыс есебінен қайтарылады. Яғни АЭС өндірген электр энергиясы нарыққа сатылып, содан түскен қаражат арқылы несие өтеледі. Егер тариф төмен болып, жоба өзін толық ақтай алмаса, онда мемлекеттен қосымша субсидия қажет болуы мүмкін. Бірақ бұл мәселе тек 2034 жылдан кейін туындайды. Ал ол кездегі бюджет мүмкіндігі қандай болатынын қазір нақты айту қиын», – дейді ол.

Экономист АЭС қауіпсіздігі мәселесінде халықаралық бақылау маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның сөзінше, Ресейдің атом технологиялары бүгінде бірнеше елде қолданылып жатыр және халықаралық ұйымдардың бақылауынан өтеді.

«МАГАТЭ секілді халықаралық ұйымдар Ресейдің атом технологияларын сенімді жүйелердің бірі ретінде бағалайды. Қазір Ресей технологиясымен салынған АЭС-тер Қытайда, Үндістанда, Түркияда, Пәкістанда жұмыс істеп тұр. Чернобыль апатынан кейін қауіпсіздік талаптары айтарлықтай күшейді. Сондықтан бұл мәселеде халықаралық бақылау мен талаптардың сақталуы өте маңызды», – дейді сарапшы.

Қазақстанға тұрақты энергия көзі қажет

Сондай-ақ ол Қазақстанның энергетикалық жүйесі Ресеймен тығыз байланыста екенін айтты. Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда толық энергетикалық тәуелсіздікке қысқа уақытта қол жеткізу қиын.

«Қазақстан бүгінде газ, электр энергиясы және мұнай тасымалы бағыттарында Ресеймен өзара байланыста жұмыс істейді. Мұнайдың басым бөлігі Ресей аумағы арқылы экспортталады. Соңғы екі жылда біз Ресейден қымбат бағаға электр энергиясын сатып алуға мәжбүр болдық. Ал кей жағдайда артық энергиямызды арзан бағамен сыртқа жібереміз. Сондықтан АЭС салу арқылы осы теңгерімсіздікті азайтуға болады деген пікір бар», – деп түйіндеді ол.

Дегенмен АЭС құрылысына алынатын несиеге біржақты баға беру қиын. Экономист Бауыржан Ысқақов осындай пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, мұндай жобаның тиімділігі қаржының қандай шарттармен берілетініне және оның экономикаға қалай әсер ететініне байланысты болады.

«Егер бұл қаржы АЭС секілді стратегиялық жобаға бағытталып, кейін экономикаға нақты қайтарым әкелсе, онда оны инвестициялық қарыз ретінде қарастыруға болады. Ал егер жоба тиімсіз болып, шығын көлемі ұлғая берсе, онда қаржылық жүктеме де артады. Қазақстанның мемлекеттік қарызы әзірге халықаралық стандарт бойынша қауіпті деңгейде емес. Бірақ сыртқы қарыздың белгілі бір елге немесе технологияға тәуелді болуы экономикалық тәуелділікті күшейтуі мүмкін. Сондықтан несиенің пайыздық мөлшерлемесі, өтеу мерзімі және технологиялық трансферт мәселесі шешуші рөл атқарады», – дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, АЭС ең алдымен елдегі энергетикалық тапшылық мәселесін азайтуға ықпал етуі мүмкін. Себебі Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын өсіп келеді.

«Қазір өнеркәсіп пен цифрлық инфрақұрылым қарқынды дамып жатыр. Мұндай жағдайда тұрақты энергия көзі қажет болады. АЭС осы тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік беруі мүмкін. Егер тұрақты әрі салыстырмалы түрде арзан энергия көзі қалыптасса, металлургия, химия, IT және дата-орталықтар сияқты энергияны көп қажет ететін салалар дами бастайды. Яғни бұл тек энергетика мәселесі емес, өнеркәсіптің болашағына да әсер ететін жоба», – дейді экономист.

Өңірлік экономиканы да өзгертеді

Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, АЭС құрылысы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және бірқатар саланың дамуына әсер етуі ықтимал. Сонымен қатар бұл жоба технологиялық серпін де беруі мүмкін.

«Құрылыс кезеңінде мыңдаған жұмыс орны ашылады. Одан бөлек инженерия, логистика, құрылыс материалдары және қызмет көрсету салалары қатар дамиды. Ядролық инженерия мен энергетика қауіпсіздігі бағытында жаңа мамандар даярланады. Егер Қазақстан жергілікті кадрлар мен өндірісті қатар дамыта алса, АЭС ұзақмерзімді технологиялық капиталға айналуы мүмкін. Бұл тек бір станса салу емес, жаңа технологиялық орта қалыптастыру мәселесі», – деп атап өтті ол.

Экономист АЭС салынғаннан кейін электр бағасы бірден арзандай қоймайтынын да айтты. Оның пікірінше, алғашқы кезеңде тарифтік қысым болуы мүмкін.

«АЭС-тің бастапқы инвестициясы өте қымбат жоба саналады. Сондықтан алғашқы кезеңде тарифке қысым түсуі ықтимал. Бірақ ұзақмерзімді перспективада атом энергетикасы тұрақты әрі салыстырмалы түрде арзан энергия көзіне айналады. Себебі атом стансасының жұмыс мерзімі ұзақ, ал отын шығыны көмір мен газға қарағанда тұрақтырақ болады. Жалпы, АЭС тек энергия өндірмейді. Ол өңірлік экономиканың дамуына және жаңа өндірістердің ашылуына да ықпал етеді», – деп түйіндеді сарапшы.