Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Сараптама

БЖЗҚ шегі өскен сайын баспана алу "алыстап" бара ма?

БЖЗҚ шегі өскен сайын баспана алу "алыстап" бара ма?
ЖИ арқылы жасалды

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеткіліктілік шектерінің көтерілуі қоғамда қызу пікірталас туғызды. Біреулер бұл шешімді болашақ зейнеткерлердің қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті қадам деп бағаласа, енді бірі азаматтардың өз қаражатына қол жеткізу құқығын шектейтін шешім ретінде қабылдады. Әсіресе, 2021 жылы іске қосылған зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі жүздеген мың қазақстандықтың тұрғын үй мәселесін шешуге ықпал еткендіктен, жаңа шектердің күрт өсуі қоғам тарапынан түсінбеушілік тудырды.

Бұл мәселе бүгінде тек БЖЗҚ-дағы қаражатты пайдалану туралы дау ғана емес. Сарапшылардың пікірінше, бұл – азаматтардың мемлекетке, зейнетақы жүйесіне және ұзақ мерзімді қаржылық саясатқа деген сенімі туралы әңгіме.

«Қоғамның теріс реакциясы заңды құбылыс»

Qazaq Expert Club қаржы сарапшысы Саида Тілеуленованың айтуынша, жеткіліктілік шектерін көтерудің экономикалық негізі бар. Өйткені зейнетақы жүйесі ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған және демографиялық өзгерістер мен инфляция факторларын ескеруге міндетті.

– Жеткіліктілік шегін көтеру экономикалық тұрғыдан сөзсіз қажет болды. Себебі есептеулер өмір сүру ұзақтығының артуын, инфляцияны және болашақ зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету қажеттілігін ескеруі тиіс. Алайда мәселе мұндай өсімнің ауқымы мен жылдамдығында. Шектің бірден 80%-ға ұлғаюы қоғам тарапынан ойын ережелерінің күрт өзгеруі ретінде қабылданды. Адамдар жинақтарын пайдалану мүмкіндігіне сеніп келгенімен, кейін бұл қаражатқа қол жеткізу мүмкіндігінен іс жүзінде айырылды. Мәселе толық тыйым салуда емес, тетікті дұрыс реттеп, оны шын мәнінде әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға бағыттауда деп ойлаймын, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, мәселенің түп-тамыры жеткіліктілік шектерінің өзгеруінен әлдеқайда тереңде жатыр.

– Халықтың наразылығының негізгі себебі тек жеткіліктілік шегінің өзгеруінде емес. Бұл мәселе жалпы зейнетақы жүйесіне деген сеніммен байланысты. Көптеген азаматтар жинақтарын өздерінің жеке қаражаты ретінде қабылдайды және оған қолжетімділіктің шектелуін түсіне бермейді. Бұдан бөлек, соңғы жылдары инфляцияның ақшаның сатып алу қабілетін едәуір төмендеткенін халық жақсы сезінеді. Зейнетақы активтері формалды түрде табыс әкелгенімен, азаматтар оны номиналды көрсеткіштермен емес, тұрғын үй, қызметтер мен тауарлар бағасының нақты өсімімен салыстырады, – дейді Саида Тілеуленова.

Сарапшының сөзінше, мемлекет бастапқыда азаматтарға жинақтарының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беріп, кейін бұл мүмкіндікті айтарлықтай шектеген кезде, қоғамның теріс реакциясы заңды құбылыс болды.

Шектік мөлшер бес жылда 4 есе өсті

Ал тәуелсіз сарапшы Олжас Байділдинов жаңа шектік мөлшер енгізілуін орынсыз шешім деп санайды.

– Мен бұл шешімді қолдамаймын. 2021 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойған кезде жеткіліктілік шектері 20 жастағылар үшін – 1,7 млн теңге, 30 жастағылар үшін – 2,5 млн теңге, 40 жастағылар үшін – 3,4 млн теңге болып белгіленді. Бұл заңды түрде жұмыс істейтін, салық төлейтін және ресми жалақы алатын орта тап үшін үлкен қолдау болды. Мемлекет басшысына ризашылық білдірген көптеген қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды, – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі шектердің көлемі азаматтардың басым бөлігін бұл мүмкіндіктен айырып отыр.

– БЖЗҚ жаңадан енгізген шектік мөлшер сәйкесінше 6,7 млн, 9,8 млн және 13,4 млн теңгені құрайды. Яғни бес жылдың ішінде көрсеткіштер шамамен төрт есеге өсті. Меніңше, бұл қаражатты жылжымайтын мүлік сатып алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе "Отбасы банкіндегі" жинақ шотына аударып, оған өз жарналарыңды қосып отырған әлдеқайда тиімді. Өйткені 20 жылдан астам уақыттан кейін бұл қаржының құнсызданбайтынына және тиімді инвестицияланатынына сену қиын, – дейді Олжас Байділдинов.

БЖЗҚ-ның орташа жылдық нақты табысы 1 пайызға тең

Сарапшылардың пікірлері әртүрлі болғанымен, екеуі де зейнетақы қорындағы активтерді тиімді басқару туралы қоғамда сұрақтардың бар екенін мойындайды.

Саида Тілеуленованың айтуынша, азаматтар үшін басты көрсеткіш – инвестициялық табыстың инфляциядан жоғары болуы.

– Азаматтарды номиналды табыстылық емес, олардың қаражаты инфляциядан кейін сатып алу қабілетін қаншалықты сақтайтыны қызықтырады. Сонымен қатар барлық адамға қаражатты шешіп алып, өз бетінше инвестициялау тиімді деп біржақты айтуға болмайды. Кейбір азаматтар үшін жылжымайтын мүлік сатып алу, ипотеканы өтеу немесе жеке бизнеске инвестиция салу жоғары табыс әкелуі мүмкін. Алайда халықтың басым бөлігі үшін дербес инвестициялау жоғары тәуекелдермен байланысты, – дейді ол.

Ал Олжас Байділдинов бұл мәселеге әлдеқайда сын көзбен қарайды.

– 2025 жылы БЖЗҚ-ның инвестициялық табыстылығы 7,43 пайыз болса, ресми инфляция деңгейі 12,3 пайызды құрады – дейді сарапшы.

Ол ресми статистиканы мысалға келтіріп, ұзақ мерзімді нақты табыстылықтың төмен екеніне назар аударады.

– 2025 жылғы деректерге сүйенсек, 2014 жылы зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап жинақталған табыстылық 180 пайызды, ал инфляция 156 пайызды құраған. Орташа жылдық нақты табыстылық небәрі 1,2 пайыз болды. Яғни ресми инфляцияны алып тастағандағы нақты табыс жылына шамамен 1 пайыз ғана. Бар болғаны 1 пайыз, – дейді ол.

Жеткілікті жинағы жоқ жандарға үй алу қиындады

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тетігі іске қосылған кезде оның негізгі мақсаты азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту және қымбат медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру ретінде түсіндірілді. Алайда уақыт өте келе бұл шешімнің экономикаға жанама әсерлері туралы пікірталастар да күшейді.

Қаржы сарапшысы Саида Тілеуленова бағдарламаның енгізілуіне бірнеше фактор ықпал еткенін айтады.

Екінші жағынан, бұл құрылыс саласы мен жалпы экономика үшін қуатты ынталандыру құралы болды. Тұрғын үй ұсынысы шектеулі жағдайда бұл бағаның өсуіне заңды түрде әсер етті. Бұл шешім тек құрылыс саласындағы лоббидің мүддесі үшін қабылданды деп айту артық болар еді. Дегенмен құрылыс секторы аталған бағдарламаның негізгі бенефициарларының бірі болғанын да жоққа шығаруға болмайды, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, бастапқыда әлеуметтік қолдау ретінде қарастырылған құралдың нарыққа әсері де елеулі болды. Тұрғын үйге деген сұраныстың артуы кейбір өңірлерде бағаның көтерілуіне ықпал етіп, жеткілікті жинағы жоқ азаматтар үшін баспана қолжетімділігін төмендетті.

Сонымен қатар жағымсыз салдарлар да айтарлықтай болды. Біріншіден, жылжымайтын мүлік бағасының өсуі жеделдеп, жеткілікті зейнетақы жинағы жоқ азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі төмендеді. Екіншіден, кейбір адамдар болашақтағы зейнетақы төлемдерінің көлемін азайтып, ұзақ мерзімді жинақтарын қысқа мерзімді пайдаға айырбастады, – дейді Саида Тілеуленова.

Сауда орталығын салу баспана сатып алудан маңызды ма?

Олжас Байділдинов бұл мәселеге басқаша қарайды. Оның айтуынша, қоғам БЖЗҚ қаражатының онсыз да түрлі жобаларға инвестицияланатынын ескермейді.

БЖЗҚ төңірегіндегі талқылауда біз зейнетақы қаражатының онсыз да жылжымайтын мүлік саласындағы жобаларға бағытталатынын ұмытып кетеміз. Мысалы, Нұрлан Смағұловтың жобаларына Ұлттық қор қаражатынан 16 жыл мерзімге жылдық 3 пайызбен 36 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Mega Silk Way жобасына БЖЗҚ-дан нарықтық шарттармен тағы 15 млрд теңге инвестицияланды. Жалпы схема қарапайым: белгілі бір жоба үшін облигациялар шығарылады, ал БЖЗҚ және басқа да институционалдық инвесторлар оларды сатып алады, – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда азаматтардың өз қажеттіліктеріне басымдық берілуі тиіс.

Сауда-ойын-сауық орталығын зейнетақы қаражатына аяқтау азаматтардың жеке баспанасын сатып алуынан немесе ипотекасын өтеуінен неге маңыздырақ болуы керек? Егер бұл халықтың ақшасы болса, онда адамдардың өздері үшін маңызды шешім қабылдауға мүмкіндігі болуы тиіс, – дейді Олжас Байділдинов.

Саида Тілеуленова қайткен күнде де қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану тетіктері нақты әрі мақсатты болуы тиіс деп санайды.

Бұл жағдайдан алынатын басты сабақ – зейнетақы жинақтарын экономиканы жедел ынталандыру құралы ретінде ғана қарастыруға болмайды. Зейнетақы жүйесінің негізгі мақсаты – азаматтардың еңбек қызметі аяқталғаннан кейінгі қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан қаражатты мерзімінен бұрын пайдалану тетіктері барынша мақсатты, нақты бағытталған болуы және халықтың бүгінгі қажеттіліктерімен қатар, экономика үшін ұзақ мерзімді салдарларды да ескеруі тиіс, – дейді қаржы сарапшысы.

Зейнетақы жүйесін реформалау қажет пе?

Олжас Байділдинов қазіргі жүйені кеңірек реформалау қажеттігін де көтеріп отыр. Сарапшы Норвегия тәжірибесіне назар аударуды ұсынады.

2025 жылы мен "Самұрық-Қазына" қорын, БЖЗҚ мен Ұлттық қорды біріктіру туралы ұсыныс айтқан болатынмын. Норвегияда мұнайдан түсетін ұлттық қор бір мезгілде зейнетақы қорының қызметін де атқарады және зейнетақылар мұнай кірістері есебінен төленеді. Бұл тәжірибені зерттеп көру артық болмайды, – дейді Олжас Байділдинов.

Сонымен қатар ол жаңа жеткіліктілік шектерін енгізуді кейінге қалдыруды ұсынады.

Жаңа құрамдағы Парламент депутаттары барлық жауапты тұлғаларды шақырып, тиісті есептерін тыңдайды деп үміттенемін. Сондай-ақ жаңа жеткіліктілік шектерін енгізуді 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін кейінге қалдыруды ұсынамын, – дейді сарапшы.