Атырауда бір отбасының өліміне қатысты айыпталып жатқан Сұлтан Сәрсемалиевтің ісі бойынша сотта марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның туған інісі Тілекқабыл Өтешқалиев жауап берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Куәгер сот барысында айыпталушыны алғаш рет жиені Ақбаянды алып қашып кеткен кезде көргенін айтты.
«Оны алғаш рет жиенімді алып қашып кеткенде көрдім. Кейін екеуі өздері үйге келді. Содан кейін мүлде араласқан жоқпыз. Қазір екінші рет сотта көріп отырмын. Арамызда ешқандай жанжал болмаған. Өзінің ата-анасын ғана танимын», – деді ол.
Сотта куәгерден марқұмдар Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Наурыз Мұқанғалиев және Мейрамгүл Қарабалиналармен соңғы рет қашан сөйлескені сұралды. Оның айтуынша, қыркүйек айында Мақсот Қарабалинмен WhatsApp және телефон арқылы байланыста болған. Кейіннен байланыс үзілген.
Куәгердің сөзінше, туыстары соңғы рет 2025 жылдың 19 қыркүйегінде Атырауға барған. Ал Мақсот Қарабалин ауылда қалып, мал шаруашылығымен айналысқан.
Сот отырысында Нәсіп Өтешқалиеваның атынан 7 қарашада жіберілген дауыстық хабарлама мәселесі де көтерілді. Бұған дейін сотта әйелдің 4 қараша күні қайтыс болғаны айтылған еді.
«Соңғы рет 1 қарашада сөйлестік. Ол хабарласып, жағдайымызды сұрады. Кейін 7 қараша күні жылаған күйде жіберілген дауыстық хабарлама келді. Содан кейін байланыс болмады», – деді куәгер.
Судья тарапынан Нәсіп Өтешқалиева 4 қарашада көз жұмған болса, 7 қарашадағы хабарламаны кім жолдауы мүмкін деген сұрақ қойылды.
Куәгердің болжамынша, Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны арқылы алдын ала жазылып қойылған аудио жіберілген болуы ықтимал.
Оның айтуынша, осы оқиғадан кейін отбасы мүшелерімен байланыс толық тоқтаған. Ал туыстары малдың сатылып жатқанын естіген соң іздеу жұмыстарын бастаған.