Атырауда төрт адамның өліміне қатысты резонанс тудырған іс бойынша сотта айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің әкесі Самиғұлла Сәрсемәлиев куәлік берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ол сотта марқұмдарды бұрыннан танитынын айтып, екі отбасы арасында айтарлықтай араздық болмағанын жеткізді. Әкесінің сөзінше, ұлы мен келінінің арасында да көзге түсердей жанжал байқалмаған.
Самиғұлла Сәрсемәлиев ұлын сабырлы, отбасына жақын адам ретінде сипаттап, оның балалық шағында ауыр психологиялық соққы немесе күйзеліс болмағанын айтты. Сонымен қатар, ұлын толық ақтап алуға тырыспайтынын да жасырмады.
Сот отырысы кезінде әке баласына қарап көзіне жас алып, оған рух беруге тырысты.
«Сен бұл өмірде көп қуаныш көрмедің. Үнемі күреспен келдің. Мықты бол, өмір үшін күрес. Балаларыңа әкелері бар екенін айтып жүремін», – деді ол.