Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сараптама қорытындысы шықты: прокуратура тың дерек айтты

Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты сараптама қорытындысы шықты: прокуратура тың дерек айтты
smartnews.kz коллажы

Жангелдин ауылында төрт адамның өліміне қатысты атышулы істе аты аталған Ақбаян Мұқанғалиеваға жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптаманың нәтижесі белгілі болды. Атырау облысының прокуратурасы оның қазіргі процессуалдық мәртебесі мен тергеу барысына қатысты түсініктеме берді, деп Arasha.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сұлтан Сәрсемалиевтің бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева Алматыда стационарлық кешенді сот-психологиялық және психиатриялық сараптамадан өткен. Қадағалау органының мәліметінше, сараптама қорытындысы бойынша мамандар оған әрі қарай бақылау жүргізу қажет екенін айтқан.

"Алматы қаласында жүргізілген стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева динамикалық бақылау мен дифференциалды диагностикаға мұқтаж", – деп хабарлады прокуратура.

Ақбаян Мұқанғалиеваның есімі Жангелдин ауылындағы төрт адам өліміне қатысты сот процесі кезінде бірнеше рет аталған еді. Ол осы іс бойынша айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемалиевпен бұрын некеде болған және оның балаларының анасы.

Прокуратура оның процессуалдық мәртебесіне де тоқталды. Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 27 сәуірде Мұқанғалиеваға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қозғалған іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Алайда оған қатысты тергеу толық аяқталған жоқ. Негізгі қылмыстық істен ҚР ҚК-нің 434-бабы – "Қылмыс туралы хабарламау" белгілері бойынша жеке өндіріс бөлінген.

Қадағалау органы Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекетіне түпкілікті құқықтық баға әзірге берілмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ оған қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы таңдалмағаны айтылды.

"Қылмыстық қудалау органы істі дұрыс шешу үшін қажетті мән-жайларды жан-жақты, толық әрі объективті зерттеу мақсатында барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр. Тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады прокуратура.

Сонымен қатар ведомство ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етілмейтінін еске салды.