Қазақстанда ел тарихындағы алғашқы әкімшілік рақымшылыққа дайындық жүріп жатыр. Бұл бастама айыппұлдар мен аса қауіпті емес құқық бұзушылықтарға қатысты болуы мүмкін, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын талқылау кезінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов айтты.
Депутаттың сөзінше, рақымшылық – мемлекеттің азаматтарға деген ізгі ниетін білдіретін гуманистік қадам. Ол жекелеген азаматтарды жазадан босатуға немесе жазаны өтеу мерзімін қысқартуға бағытталады.
"Рақымшылық – түрлі жағдайларға байланысты конституциялық құқықтары шектелген азаматтарға мемлекеттің кеңшілік танытуын білдіретін ізгілік актісі. Ол адамды жазадан босатуға немесе жазасын өтеу мерзімін қысқартуға бағытталған", – деді Байтілесов.
Ол 2021 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай рақымшылық жасалғанын еске салды. Сол кезде 2 мыңнан астам адам босатылып, 11 мыңнан астам сотталған азаматтың жаза мерзімі қысқартылған.
Депутаттың айтуынша, Қазақстан әкімшілік рақымшылық мәселесінде халықаралық тәжірибені де зерттеген. Мұндай тәсілдер құқықтық саясатты ізгілендіру және реформалар жүргізу кезеңінде әлемнің бірқатар елінде қолданылған.
Мәселен, Италияда әкімшілік айыппұлдар мен қаржылық санкциялардан босату тетіктері әкімшілік жүктемені азайту және міндеттемелерді ерікті түрде орындауды ынталандыру үшін пайдаланылған. АҚШ-тың кейбір штаттарында қарыздарды ерікті түрде реттеген жағдайда әкімшілік санкциялар мен өсімпұлдардан уақытша босату бағдарламалары болған. Ал Индонезияда мұндай механизмдер активтерді заңдастыру, мемлекеттік институттарға сенімді арттыру және құқықтық алаңды кеңейтуге бағытталған ауқымды реформалардың бір бөлігіне айналған.
"Халықаралық тәжірибе әкімшілік рақымшылықтың құқықтық ізгілендірудің, мемлекет пен қоғам арасындағы шиеленісті азайтудың, сондай-ақ заңды ерікті түрде сақтауды нығайтудың тиімді құралы бола алатынын көрсетеді", – деді депутат.
Байтілесовтің айтуынша, Қазақстан үшін жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты әкімшілік рақымшылық жасау – осындай көлемдегі алғашқы тәжірибе болмақ.
"Біздің әкімшілік рақымшылыққа қатысты ұстанымымыз аталған елдермен салыстырғанда әлдеқайда жұмсақ. Біз соттар салған және азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін айыппұлдарды қоспағанда, қолданыстағы барлық айыппұлдарды алып тастауды жөн көрдік", – деді ол.
Депутат бұл бастама әкімшілік құқық бұзушылықтар саласын одан әрі ізгілендіруге жол ашуы мүмкін екенін айтты.
"Менің ойымша, Қазақстандағы әкімшілік рақымшылық – әкімшілік құқық бұзушылықтарды ізгілендіру бағытындағы алғашқы қадам. Егер құқық қолдану тәжірибесі оң нәтиже көрсетсе, алдағы уақытта әкімшілік рақымшылық мәселесіне кеңірек қарауға болады", – деді Байтілесов.
Оның сөзінше, қылмыстық істер бойынша да, әкімшілік істер бойынша да рақымшылық қолдану азаматтардың өз қателігін түсінуіне, құқықтық сананың нығаюына және болашақта осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.