Журналист Руслан Өтепбай маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, биыл 20 сәуірде Қызылорда облысының 16 жастағы тұрғыны Сұңқар Сәбит Үндістан астанасы Делиде қайтыс болған. Ол анасымен бірге аталық безінің қатерлі ісігін емдету үшін шетелге барған.
«Туыстарының айтуынша, дәрігерлер химиялық терапияны бастамас бұрын болашақта ұрпақ сүю мүмкіндігін сақтау мақсатында жасөспірімнің ұрығын арнайы жағдайда қатырып сақтаған», - деп жазды журналист.
Алайда Сұңқар қатерлі ісіктен емес, жүрегіндегі тромбтың жарылуы салдарынан көз жұмыпты.
«Қазір қара жамылған ананың басты мақсаты- Үндістандағы медициналық мекемеде сақтаулы тұрған ұлының ұрығын Қазақстанға алдырту. Бүгін осы мәселені шешу үшін Индияға ұшқалы жатырмын», - деп жазды Руслан Өтепбай.
Айта кетейік, бұған дейін кенже баласынан айырылған Райхан Мәлікова делдалдарға жем болдым деген еді.
Қолындағы бар ақшасын берсе де үндістандық дәрігерлер жасөспірімге ем жасап үлгермеген. Сол елде тексерістен өтіп жүрген Сұңқар Сәбит 12 күннен соң көз жұмған. Ал жеткіншекті шетелге алып баруға жәрдемдескен “Мedical travel” компаниясының басшылары марқұмның анасынан бір тиын да алмадық деген.