Ақмола облысында су айдынында қайғылы жағдай тіркелді. Қосшы қаласындағы Нұра-Есіл каналында 10 жастағы бала суға батып кетті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға болған су айдыны шомылуға арналмаған. Аумақта суға түсуге тыйым салатын арнайы белгілер де орнатылған.
Астана қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағының күшімен баланың денесі табылып, судан шығарылды.
Сонымен қатар құтқарушылар тағы бір баланы іздестіру жұмыстарын жүргізген. Ведомство мәліметінше, ересектердің қарауынсыз қалған бала аман-есен табылған.
Осы оқиғадан кейін Ақмола облыстық ТЖД тұрғындарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауды ескертті. Құтқарушылар шомылуға тек арнайы жабдықталған әрі рұқсат етілген орындарда ғана болатынын тағы да еске салды.