Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Назарда

Уәде көп, жол сапасы жақсармады: Қарағанды – Жезқазған тасжолының жыры қашан бітеді?

Уәде көп, жол сапасы жақсармады: Қарағанды – Жезқазған тасжолының жыры қашан бітеді?
depositphotos.com

Жақында Instagram желісінде Қарағанды – Жезқазған тасжолының қазіргі жағдайы туралы видео жарияланды. Кадрлардан көлік жүргізушілерінің әбден тозған, ой-шұңқыры көп жолмен жүруге мәжбүр болып отырғанын байқауға болады. Бұл бағытпен жүрген азаматтар жолдың нашарлығына жиі шағымданады. Ал ресми органдар бірнеше жылдан бері күре жолдың жөнделетінін айтып келеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алайда тұрғындар мен жүргізушілердің басты сұрағы өзгермей тұр: уәде көп, ал нақты нәтиже неге байқалмайды?

Қарағанды – Жезқазған тасжолы – Орталық Қазақстан үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Ол Қарағанды мен Ұлытау өңірін жалғап қана қоймай, елдің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын күре жол екенін ескерген абзал. Бірақ бұл жолдың жағдайы көп жылдан бері сын көтермей келеді.

2025 жылдың өзінде ҚазАвтоЖол өкілдері бұл бағытта мердігер анықталып, дайындық жұмыстары басталатынын айтқан. Кейін 2026 жылдың көктемінде құрылыс-монтаж жұмыстары сәуірдің аяғына қарай басталатыны хабарланды. Тағы бір ресми мәліметте көлік министрі құрылысты мамыр айында бастау жоспарланғанын мәлімдеген.

Биыл сәуірде Қарағанды – Жезқазған автожолын салуға 650 млрд теңге көлемінде қаржы тартылғаны хабарланды. Жобаға ҚазАвтоЖол, Халықаралық қайта құру және даму банкі және Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі қатысатыны айтылды. Жоспар бойынша жаңа жол өңірдің көлік байланысын жақсартып, жолдағы қауіпсіздікті арттыруы тиіс.

Бірақ ашық деректердегі нақты көрініс басқа сұрақ тудырады. Сәуір айында жарияланған хабарда Қарағанды мен Ақтас кенті арасындағы небәрі 4 шақырымдық учаскеде жол жабындысын жөндеу басталғаны айтылды. Ал бұған дейін биыл 122 шақырымды қамту, жолды төрт жолаққа дейін кеңейту, жаңа екі жолақты бөлік салу туралы мәлімдемелер жасалған еді.

Яғни қағаз жүзінде жоба бар, қаржы бар, жоспар бар. Бірақ халық күнде жүріп жүрген жолда нәтиже неге бірден көрінбейді?

Мәселенің тағы бір тұсы – мерзімдердің әртүрлі айтылуы. Бір деректе құрылыс 2026 жылдың сәуірінде басталады делінсе, енді бірінде мамыр айы көрсетілген. 2025 жылғы мәліметтерде мердігер анықталса, келесі жылдың ортасына дейін құрылыс басталуы керек екені айтылған. Ал Үкіметтің сәуірдегі хабарламасында конкурстық рәсімдер әлі аяқталу сатысында екені жазылды.

Осыдан кейін жүргізушілер арасында "ҚазАвтоЖол тек уәде беріп отыр ма?" деген күмәннің тууы заңды.

Бұл жолдың мәселесі тек жайсыздықпен шектелмейді. Бұған дейін депутаттар да Қарағанды – Жезқазған тасжолының қауіпті екенін айтып, ресми сауал жолдаған. Жол апаттары, адам шығыны, тасымалдың қиындауы, өңір экономикасына әсері – мұның бәрі бұл бағыттағы жөндеудің созылып кетпеуі керек екенін көрсетеді.

Қарағанды – Жезқазған жолы Ұлытау облысы үшін де, Қарағанды өңірі үшін де стратегиялық маңызы бар күре жол. Бұл бағытпен жолаушылар ғана емес, жүк тасымалы, кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары, туристер және өңірлер арасында қатынайтын мыңдаған көлік жүреді. Сондықтан жол сапасының нашарлығы қарапайым жүргізушінің ғана емес, тұтас өңірдің мәселесіне айналып отыр.

Қазір ҚазАвтоЖол мен Көлік министрлігі бұл жолдың 2029 жылға дейін толық жаңартылатынын айтып отыр. Жоба бойынша қолданыстағы жолдың қасынан жаңа екі жолақты жол салынып, кейін ескі жол да жаңғыртылуы керек. Соңында трасса төрт жолақты заманауи магистральға айналады деп жоспарланған.

Дегенмен халыққа алыс мерзім емес, бүгінгі қауіпсіздік маңызды. Қазір жолда жүрген жүргізушіге 2029 жылғы жоспар емес, бүгінгі шұңқыр, бүгінгі қауіп, бүгінгі тәуекел әсер етеді.

Бөлісу