Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Қайрат Қабышев 100 әнді бір деммен шырқап, әлемдік рекорд орнатпақ

Қайрат Қабышев 100 әнді бір деммен шырқап, әлемдік рекорд орнатпақ

Семейлік дәстүрлі әнші, Жәнібек Кәрменовтің шәкірті Қайрат Қабышев 100 әнді бір деммен орындап, әлемдік рекорд жасауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, Қайрат Қабышев бұған дейін де «Толассыз 100 ән шырқалады» деген атаумен үлкен өнер сынағына дайындалған. Алайда белгісіз себептермен бұл бастама кейінге шегерілген.

Еркін Шүкіман бұл оқиғаның қазақ өнері үшін тарихи мәні бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, қазақ өнерінің бергі тарихында мұндай үлкен сынға барған әншілер көп емес. Ол мысал ретінде 1925 жылы Ғани Мұратбаевқа ескерткіш орнату мақсатында концерт ұйымдастырып, 101 ән айтуды жоспарлаған Құрманбек Жандарбековтің оқиғасын еске алды.

Естеліктерге сүйенсек, Құрманбек Жандарбеков сол кеште 68 ән орындаған. Биыл сол тарихи оқиғаға 101 жыл толып отыр. Еркін Шүкіманның айтуынша, Қайрат Қабышев дәл осы межеге жетуді мақсат етіп, 10 маусым күні тыңдарман алдында 100 ән орындауға тәуекел етпек.

«Бес концерттің репертуарын бір мезетте бір деммен айтып шығуға екі әншінің бірі тәуекел ете бермейді. Бұл – еліміздегі мәдени-тарихи үлкен оқиға», – деп жазды Еркін Шүкіман.

Афишаға сәйкес, шара 2026 жылдың 10 маусымында сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда өтеді. Қайрат Қабышев – «Өнер» кафедрасының оқытушысы, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Шәкәрім университетінің құрметті профессоры.

Еркін Шүкіман бұл бастамаға ақпарат құралдары мен мәдениет саласы ерекше назар аударуы керек екенін айтты. Ол облыстық мәдениет басқармасы шараны толық түсіріп, әлеуметтік желіде тікелей көрсетуге жағдай жасаса, дұрыс болар еді деген пікір білдірді.

«Қайреке, өзіңе Құдай жар болсын! Дауысың дауылдап, үнің үдеп, көмейің күміс қоңыраудай сыңғырлап, алға қойған мақсатың мен мұратыңа жетуіңе тілектестік білдіреміз», – деп жазды дәстүрлі әнші.

Желі қолданушылары да Қайрат Қабышевке сәттілік тілеп, бұл шараның қазақ ән өнері үшін маңызды оқиға екенін айтып жатыр.

Бөлісу