Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамытуға бағытталған маңызды құжатқа қол қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы "Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы" жарлықты бекіткен.
Құжаттың толық мәтіні баспасөзде жарияланатыны хабарланды.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне арнайы тоқталған еді. Президент бұл бағыт елді жан-жақты жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі екенін айтқан.
Сол кезде Мемлекет басшысы Қазақстанның цифрлық даму бағытын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы қабылданатынын мәлімдеген болатын.
"Бәріңізге белгілі, биыл елімізде – "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы". Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің өте жылдам өзгеріп жатқанын атап өтіп, Қазақстан мұндай кезеңде технологиялық көштен қалмауы керек екенін жеткізді.
Президенттің айтуынша, цифрландыру мен жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мемлекеттік басқару жүйесін жаңартуға, экономиканы дамытуға және елдің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал етеді.