Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

Азат Перуашев "Ақ жол" партиясы төрағалығынан кететінін мәлімдеді

Азат Перуашев "Ақ жол" партиясы төрағалығынан кететінін мәлімдеді
parlam.kz. Суретте: Азат Перуашев

"Ақ жол" демократиялық партиясын 15 жыл бойы басқарған Азат Перуашев төрағалық өкілеттігін тоқтататынын жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы ол сенбі, 13 маусым күні өткен партия съезінде айтты. Мәлімдемесінен кейін Перуашев съезд делегаттарына партияның жаңа төрағасы ретінде Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.

Перуашевтің сөзінше, мұндай шешім саяси ұйым басшылығының уақытылы жаңарып отыруы қажет деген ұстанымнан туындаған.

"Біз тек өзгерістер қарсаңында тұрған жоқпыз, бүгінгі шындықты өзгертіп жатқан оқиғалардың ортасындамыз. Бірақ монополия бұған кедергі болуы мүмкін. Ал монополияға қарсы ең тиімді жол – басшылықтың кезең-кезеңімен ауысып тұруы", – деді ол.

Сондай-ақ Азат Перуашев партия ішінде жаңа идеялар мен тың серпіндерге жол ашу үшін төрағалық қызметтен кету туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

"Өзім де бір орында тұрып қалмай, жаңа идеялар мен серпінді тежемеу үшін партия төрағасы өкілеттігін тапсыру туралы шешім қабылдадым. Бұл шешімді қолдауды және дауламауды сұраймын", – деді Перуашев.

Ол белгісіздікке жол бермеу үшін съезд қарауына бірден жаңа төраға кандидатурасын ұсынып отырғанын атап өтті.

Дания Еспаева қазіргі уақытта Қазақстан Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. 2019 жылы ол Қазақстан тарихында президенттікке кандидат ретінде ұсынылған алғашқы әйел болған.

Егер съезд Дания Еспаеваның кандидатурасын қолдаса, ол «Ақ жол» партиясын басқарған алғашқы әйел атануы мүмкін.