Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Аптап ыстық, бұршақ пен дауыл: 17 маусымға арналған ауа райы болжамы

Аптап ыстық, бұршақ пен дауыл: 17 маусымға арналған ауа райы болжамы
pixabay.com

Бүгін, 17 маусымда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды. Синоптиктер бірнеше облыста қатты ыстық, найзағай, бұршақ, дауыл және күшті жел күтілетінін хабарлады, деп жазады Arasha.kz.

Алматы облысында кей жерлерде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таулы және тау бөктеріндегі аудандарда өткінші жаңбыр болуы мүмкін. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Күндіз ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық болады. Өңірдің бірқатар аумағында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы қаласында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады. Қонаевта да күндіз жаңбыр мен найзағай болжанып отыр, желдің екпіні кей уақытта 18 м/с жетуі мүмкін.

Жетісу облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні 23-28 м/с дейін күшеюі ықтимал. Күндіз өңірде 35-36 градус қатты ыстық сақталады. Облыстың кей бөлігінде жоғары және төтенше өрт қаупі бар.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ, дауыл және шаңды дауыл болуы мүмкін. Қызылорда қаласында да күндіз найзағай, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с жетуі ықтимал.

Жамбыл облысының оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында өткінші жаңбыр, найзағай және бұршақ болжанып отыр.

Ұлытау облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Күндіз өңірдің оңтүстігінде 35-37 градус қатты ыстық болады. Жезқазғанда да күндіз 35-37 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі. Облыстың бірнеше ауданында жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз кей жерлерде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Ауа температурасы облыстың батысы мен оңтүстігінде 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Қарағанды қаласында таңертең және күндіз жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі.

Қостанай облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанды. Түнде және таңертең облыстың кей аумақтарында тұман түседі. Күндіз желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Облыстың оңтүстігінде 35 градус қатты ыстық болады. Қостанай қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде және таңертең тұман күтіледі.

Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Орал қаласында күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі.

Синоптиктер тұрғындарға қолайсыз ауа райы кезінде сақ болуды, қатты жел мен найзағай кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды және өрт қаупі жоғары аймақтарда от жақпау керегін ескертеді.