Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Ким Чен Ын қызын мұрагерлікке дайындап жатыр ма?

Ким Чен Ын қызын мұрагерлікке дайындап жатыр ма?
KCNA VIA/ Reuters. Суретте: Ким Чен Ын мен қызы

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның жасөспірім қызы Ким Джу Э соңғы уақытта көпшілік алдына жиі шыға бастады. Financial Times басылымы осы жайтқа назар аударып, оны елдің болашақ басшысы ретінде дайындап жатқан болуы мүмкін деген болжам жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Басылымның жазуынша, Солтүстік Кореяның басқарушы элитасы жыл сайын бұрынғы көсемдер Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің бальзамдалған денелері қойылған Кумсусан сарайына барып, тағзым етеді. Биыл осы рәсім кезінде ерекше көрініс байқалған: Ким Чен Ын ортада қызымен бірге суретке түскен.

Сарапшылар мұны кездейсоқ жайт емес, жас қызды ел халқына және халықаралық қауымдастыққа біртіндеп таныстыру әрекеті болуы мүмкін деп бағалап отыр.

Ким Джу Э бұған дейін де әкесімен бірге маңызды әскери шараларға қатысқан. Ол құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағына барған, танк тізгіндеп, қарудан нысана көздеген. Тіпті жоғары шенді генералдар оның алдында тізерлеп отырып, қару қолдану тәртібін түсіндіргені де айтылды.

Жақында Ким Чен Ын мен қызы әскери кемеге барып, теңіз күштерінің дайындығын тексерген. Бұл да жасөспірім қыздың билік маңындағы рөлі артып келе жатқанын көрсететін белгі ретінде қабылданды.

Солтүстік Корея бойынша сарапшылар, соның ішінде Оңтүстік Кореяның ұлттық барлау қызметі де, Ким Чен Ын қызын болашақ басқарушы қызметке дайындап жатыр деген болжам айтады.

Қазір Ким Чен Ынның нақты қанша баласы бары белгісіз. Дегенмен сарапшылар оның үш баласы бар деп есептейді. Ким Джу Э көпшілік алдына жиі шығып жүргенімен, қалған балалары туралы ақпарат өте аз.

Financial Times басылымы Ким Чен Ын билікке келгеннен кейін өз ықпалын күшейту үшін бірнеше жақын туысын жазалағанын немесе саяси алаңнан шеттеткенін жазады. Сондықтан сарапшылар Солтүстік Корея басшысы билік мұрагерлігі мәселесін ертерек шешуге кіріскен болуы мүмкін деп топшылайды.