Осыдан екі жыл бұрын көпшілікке үлгілі отбасы ретінде танылған полиция қызметкерінің отбасы бүгінде ауыр қылмыстық оқиғаның ортасында қалды, деп хабарлайды Arasha.kz, Otkir.soz дерегіне сілтеме жасап.
Бұған дейін «Қайырлы таң, Қазақстан» бағдарламасына қатысып, жеті баласымен бірге көпшілікке өнегелі шаңырақ ретінде таныстырылған Әлсеровтер отбасының тағдыры күтпеген жерден қайғылы аяқталған.
Сол уақытта ерлі-зайыпты Аслан мен Арайлым Әлсеровтер отбасылық өмірі, қызмет жолы және бала тәрбиесі туралы айтып, көпшілікке бақытты отбасының үлгісін көрсеткен еді.
Алайда арада уақыт өте келе бұл шаңырақта ауыр қайғылы жағдай орын алды. Мәліметтерге сүйенсек, Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі болған Аслан Әлсеровтің денесі қала сыртындағы таулы аймақтан өртенген күйде табылған.
Ресми ақпарат бойынша, отбасы ішіндегі жанжалдан кейін жасалған бұл ауыр қылмысқа қатысты марқұмның жұбайы мен кәмелет жасына толмаған ұлы күдікті ретінде қамауға алынған.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды қызу талқылап, кезінде үлгілі отбасы ретінде танылған шаңырақтың мұндай жағдайға тап болғанына таңданыс білдіруде.Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.
Мақала авторы: Алуа Әшірбекова