3 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Бірқатар өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ пен дауыл күтіледі. Кей облыстарда аптап ыстық сақталып, ауа температурасы 37 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алматы қаласы мен Алматы облысында қатты жаңбырға байланысты Іле және Күнгей Алатауларында сел жүру қаупі бар. Алматыда кей уақыттарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде қатты жаңбыр мен дауыл болуы мүмкін. Жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Қонаевта да жаңбыр, найзағай, дауыл күтіледі, желдің екпіні кей уақытта 25 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал.
Қарағанды облысының бірқатар ауданында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Облыстың шығысы мен оңтүстік-шығысында кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Желдің екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Қарағанды қаласында күннің екінші жартысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі.
Атырау облысында жаңбыр мен найзағай болады. Кей аудандарда бұршақ жаууы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Маңғыстау облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Солтүстік Қазақстан облысында жаңбыр, найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Петропавлда түнде қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз жел екпіні 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Ақтөбе облысының кей аудандарында жаңбыр мен найзағай болады. Облыстың шығысы мен оңтүстігінде қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Ақтөбе қаласында күндіз аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Абай облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және шаңды дауыл болжанып отыр. Күндіз облыстың оңтүстігінде ауа температурасы 35 градусқа дейін көтеріледі. Семейде таңертең және күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысында да жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болады. Күндіз облыс бойынша 35-37 градус қатты ыстық күтіледі. Өскеменде күннің екінші жартысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін.
Жамбыл облысының оңтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі. Таразда жоғары өрт қаупі сақталады.
Астанада кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді.
Түркістан облысының таулы және тау бөктерлі аудандарында өткінші жаңбыр, найзағай күтіледі. Облыстың батысы мен солтүстігінде шаңды дауыл болады. Шымкентте түнде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түркістан қаласында күндіз шаңды дауыл күтіледі.
Павлодар облысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанды. Кей жерде қатты жаңбыр жауады. Павлодарда түнде жаңбыр, кей уақытта қатты жаңбыр және найзағай күтіледі.
Қызылорда облысының орталығы мен солтүстігінде жаңбыр, найзағай, дауыл және шаңды дауыл болуы мүмкін. Қызылорда қаласында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, дауыл тұрады.
Қостанай облысында жаңбыр, найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Қостанай қаласында жаңбыр, найзағай, кей уақытта қатты жаңбыр және күндіз бұршақ болжанып отыр.
Ақмола облысында жаңбыр, найзағай, қатты жаңбыр, бұршақ және дауыл күтіледі. Желдің екпіні кей уақытта 23-28 м/с-қа дейін жетеді. Көкшетауда жаңбыр, кей уақытта қатты жаңбыр, найзағай және күндіз бұршақ болуы мүмкін.
Жетісу облысында жаңбыр, найзағай, күндіз таулы аудандарда қатты жаңбыр мен бұршақ күтіледі. Желдің екпіні 23-28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Талдықорғанда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Синоптиктер бірнеше өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталатынын ескертті. Тұрғындарға қолайсыз ауа райы кезінде қауіпсіздік шараларын сақтап, таулы аймақтарға барудан сақ болу ұсынылады.