Палестиналық ХАМАС қозғалысы Газа секторындағы үкіметін таратып, аймақты басқару құрылымын қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам қозғалыстың жиырма жылға жуық уақыт бойы сақтап келген басқару жүйесіндегі маңызды саяси өзгеріс ретінде бағалануда, деп хабарлайды Arasha.kz.
ХАМАС таратқан мәліметке сәйкес, «Төтенше басқару комитеті» жұмысын тоқтатты. Комитет басшысы Мұхаммед әл-Фарра қызметінен кетіп, басқару өкілеттігін жаңа құрылымға өткізу процесін бастады.
Қозғалыстың үкіметтік медиа кеңсесінің жетекшісі Исмаил ат-Таубаттың айтуынша, бұл шешім Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитетке әкімшілік және басқарушылық өкілеттіктерді кезең-кезеңімен беру мақсатында қабылданған.
ХАМАС 2007 жылы Палестинадағы бәсекелес ФАТХ қозғалысынан билікті өз қолына алып, содан бері Газа секторын бақылауда ұстап келген. Сондықтан үкіметті тарату туралы шешім өңірдегі саяси ахуалға ықпал етуі мүмкін маңызды қадам саналады.
Соңғы айларда Израиль әскері Газа секторы аумағының шамамен 70 пайызын бақылауға алғаны хабарланған. Израиль тарапы аймақтағы басқару жүйесі Рамаллада орналасқан Палестина әкімшілігінің қолына өтуі тиіс деген ұстанымды білдіріп келеді.
Ал ХАМАС болса, Палестинадағы жаңа басқару құрылымы қалыптасқанға дейін өз қарулы күштері мен әскери әлеуетіне қатысты мәселе бойынша келісім қажет екенін алға тартып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін халықаралық ұйымдар Газа секторындағы гуманитарлық жағдайдың күрделене түскенін бірнеше рет мәлімдеп, өңірдегі ахуалды тұрақтандыруға бағытталған шараларды күшейтуге шақырған болатын.