Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Назарда

Енді туды балконға ілуге болады: елімізде мемлекеттік туды пайдалану ережесі жаңарды

Енді туды балконға ілуге болады: елімізде мемлекеттік туды пайдалану ережесі жаңарды
Фото: коллаж arasha.kz

Қазақстан Үкіметі мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа құжатта Мемлекеттік туды қай жерге және қалай орналастыруға болатыны нақты көрсетіліп, оған қатысты бірқатар тыйымдар да бекітілді. Қаулы 13 шілдеден бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Енді туды балконға ілуге болады

Жаңартылған ережеге сәйкес, жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, соның ішінде балкондарға да іле алады. Алайда балконға орнатылған ту 45 градус бұрышпен бекітілуі тиіс. 

Сондай-ақ құжатта туды пайдалану талаптары нақтыланған:

  • жеке тұрғын үйлерде ту жерден кемінде үш метр биіктікте орнатылуы керек;
  • қараңғы уақытта жеке үйлердегі туды міндетті түрде жарықтандыру талап етілмейді;
  • ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тимеуі тиіс;
  • тік ілінген жағдайда ұлттық ою-өрнек жоғарғы жағында орналасуы қажет;
  • ту бүтін, таза, өңі оңбаған әрі бүлінбеген күйде болуы керек;
  • заң талаптары сақталған жағдайда мемлекеттік туды автокөлік салонында орналастыруға рұқсат етіледі.

Егер ғимараттың ерекшелігіне байланысты туды қасбетке бекіту мүмкін болмаса, оны ғимараттың жанына орнатылған жеке ту тұғырына орналастыруға болады.

Нелерге тыйым салынады?

Жаңа қаулыда Мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайтыны тағы бір мәрте нақты жазылған. Бұл шектеу мәдени, спорттық және басқа да көпшілік іс-шараларға қатысты қолданылады. 

Сонымен қатар туды:

  • киім ретінде;
  • төсек жабдығы ретінде;
  • перде, дастарқан, кілемше және өзге де тұрмыстық бұйымдар ретінде пайдалануға;
  • қасақана жыртуға, өртеуге, жерге тастауға немесе мемлекеттік рәміздің қадір-қасиетін қорлайтын кез келген әрекет жасауға тыйым салынады.

Спортшыларға қатысты жаңа мүмкіндік

Өзгерістердің бірі спорт саласына қатысты. Енді Мемлекеттік тудың бейнесін спорттық киім мен спорттық жабдықтарға ресми түрде орналастыруға рұқсат берілді.

Мемлекеттік рәміздерді орналастыру тәртібі де өзгерді

Қаулыға сәйкес мемлекеттік органдардың ресми сайттарында, ақпараттық стендтер мен плакаттарда мемлекеттік рәміздер бірыңғай тәртіппен орналастырылуы тиіс. Алдымен Мемлекеттік ту, одан кейін Елтаңба, соңында Әнұран мәтіні беріледі.

Стендтердің безендірілуіне де бірыңғай талап енгізілді: негізгі түсі көк, ал жазулары алтын түсті болуы қажет.