Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

Дабыл белгісінен кейін жоғалды: Пәкістан жағалауында Boeing 737 жүк ұшағы іздестіріліп жатыр

Дабыл белгісінен кейін жоғалды: Пәкістан жағалауында Boeing 737 жүк ұшағы іздестіріліп жатыр
US Air Force

Пәкістан жағалауына жақын Араб теңізінде K2 Airways әуе компаниясына тиесілі Boeing 737 жүк ұшағы радардан жоғалып кетті. Қазір ұшақ болуы мүмкін аумақта іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп Arasha.kz тілшісі Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Пәкістан авиация билігінің мәліметінше, әуе кемесі Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласынан Карачиге бағыт алған. Байланыс үзілер алдында экипаж диспетчерлерге навигациялық жүйеде ақау шыққанын хабарлаған. Осыдан кейін бірнеше минут өткенде ұшақ биіктігін күрт жоғалта бастаған.

Алдын ала деректерге сүйенсек, Boeing бағытын өзгерткеннен кейін онымен байланыс Ормара қаласы маңында үзілген. Бұл аймақ Карачиден батысқа қарай шамамен 287 шақырым жерде орналасқан.

Қазір ұшақ жоғалуы мүмкін деген аумақта ауқымды іздеу операциясы жүріп жатыр. Іздестіру жұмыстарына құтқару қызметтері мен әскери кемелер тартылған. Әзірге әуе кемесінің апатқа ұшырағаны ресми түрде расталған жоқ.

Оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр.

Flightradar24 дерегінше, сигнал жоғалар алдында ұшақ өте жылдам төмендеген. Boeing 737 бастапқыда жолаушылар тасымалы үшін пайдаланылған. 1999 жылдан бастап ол "Аэрофлот" әуе компаниясының құрамында, кейін Garuda Indonesia компаниясында ұшқан. 2012 жылы жүк ұшағына қайта жабдықталып, 2024 жылы K2 Airways компаниясына берілген.