Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

11 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық пен найзағай күтіледі

11 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде аптап ыстық пен найзағай күтіледі
Busa Photography/Getty Images

"Қазгидромет" синоптиктері 11 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялады. Елдің басым бөлігінде қатты ыстық, найзағай, екпінді жел, бұршақ және шаңды дауыл күтіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Астанада ауа температурасы күндіз 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Ақмола облысында 35-39 градус ыстық болып, кей аудандарда өткінші жаңбыр, найзағай және бұршақ жаууы ықтимал. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Қарағанды және Ұлытау облыстарында күндіз 36-39 градус аптап ыстық болжанып отыр. Бірқатар ауданда жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. Жезқазғанда ауа температурасы 37-39 градусқа дейін көтеріледі.

Жамбыл облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай, ал солтүстік-шығысында шаңды дауыл болуы мүмкін. Өңірде 38-42 градус ыстық күтіледі. Таразда күндіз ауа температурасы 38-40 градусқа жетеді.

Түркістан облысы мен Шымкентте 40-43 градусқа дейін аптап ыстық болады. Кей жерлерде шаңды дауыл тұрып, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді. Өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.

Қызылорда облысында 40-43 градус ыстық болжанған. Облыстың оңтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Қызылорда қаласында ауа температурасы 40-42 градусқа дейін көтеріледі.

Алматы облысында күндіз 35-39 градус ыстық болады. Таулы аудандарда өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Алматы және Қонаев қалаларында ауа температурасы 35-37 градусқа жетеді.

Жетісу облысында 35-39 градус аптап ыстық болжанып отыр. Таулы аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Облыстың бірқатар бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында өткінші жаңбыр, найзағай және бұршақ күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде секундына 23-28 метрге дейін күшеюі ықтимал. Алдағы күндері ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі.

Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл болжанған. Соған қарамастан, күндіз 35-39 градус ыстық сақталады.

Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Кей жерлерде жел секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғады. 12 шілдеден бастап бұл өңірлерде де ауа температурасы 35-39 градусқа дейін көтеріледі.

Атырау және Маңғыстау облыстарының жекелеген аудандарында өткінші жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін. Атырауда күндіз 35-38 градус ыстық күтіледі.

Синоптиктер тұрғындарды күннің ең ыстық уақытында далада ұзақ жүрмеуге, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және дауылды ескертулерге назар аударуға шақырды.