Атырау облысында полицейлер жол үстінде қиындыққа тап болған Германия азаматтарына көмек көрсетті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 10 қазан күні сағат 22:50 шамасында Құрманғазы ауданына қарасты Құрманғазы ауылы маңында болған.
Патрульдік полиция қызметкерлері жанармай құю бекетінің жанында төрт шетел азаматын байқап, олардың көмекке мұқтаж екенін анықтаған.
Белгілі болғандай, Германия азаматтары автокөлікпен Қазақстан аумағы арқылы Қырғызстанға бағыт алған. Алайда жолда көліктерінің бірінің бөлшегі істен шығып, сапарларын жалғастыра алмай қалған.
Оқиға орнына келген Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Әліби Жасталапов пен Нұрмағанбет Мұқышев саяхатшыларға қажетті көмек көрсеткен.
Сонымен қатар шетелдіктерге жол қауіпсіздігі талаптары түсіндірілген.
Нәтижесінде көлік қайта жолға шығып, Германия азаматтары сапарларын жалғастырған.
Полиция өкілдері жол қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсету де қызметтің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.