Танзанияның шығысында жолаушылар автобусы ағаш тиелген жүк көлігімен соқтығысып, өртенген. Апаттан кемінде 28 адам қаза тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға 9 қазанға қараған түні Морогоро - Дар-эс-Салам тасжолының Мкамбарани аумағында болған. Автобус Дар-эс-Саламнан Мбея қаласына бара жатқан.
Өңірлік өрт сөндіру және құтқару қызметі басшысының міндетін атқарушы Джозеф Мвасабеджаның айтуынша, қарсы бағыттағы жүк көлігі өзге көліктерді басып озуға әрекеттенген кезде автобуспен соқтығысқан. Соққыдан кейін автобус отқа оранып, толық жанып кеткен.
Жараланғандардың бір бөлігі ауруханаға жеткізілген. Агенттік ақпарат жариялаған кезде олардың нақты саны әлі анықталмаған еді.