Ақтөбеде 28 жастағы ер адам әйелді пышақтап өлтірді деген күдікпен ұсталды. Полиция мәліметінше, оқиға 10 қазан күні кешкі уақытта болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Алдын ала ақпарат бойынша, ер адам мен марқұм бұрыннан таныс болған. Олардың арасында жанжал туындап, сол сәтте әйел пышақ жарақатын алған.
Алған жарақаттарынан бойжеткен оқиға орнында көз жұмған.
Ақтөбе облысы полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті ретінде 28 жастағы Атырау тұрғыны анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. 28 жастағы тұрғын анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті мен марқұм әйел бұрын таныс болған. Араларында туындаған жанжал барысында ер адам әйелге пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан әйел оқиға орнында көз жұмды», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полиция оқиғаның нақты себептері мен барлық мән-жайын анықтап жатқанын мәлімдеді.
Тергеу барысы Ақтөбе облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.