Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Білім

Қазақстандық оқушылар физика олимпиадасында бес алтын алып, тарихи рекорд орнатты

Қазақстандық оқушылар физика олимпиадасында бес алтын алып, тарихи рекорд орнатты
"Дарын" РҒПО

Қазақстан құрамасы халықаралық физика олимпиадасында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Ұлттық құрама сапындағы бес оқушының барлығы алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

56-Халықаралық физика олимпиадасы 2026 жылғы 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Әлемдегі ең беделді білім сайыстарының біріне 85 мемлекеттен 381 оқушы қатысып, күрделі теориялық және эксперименттік тапсырмаларды орындады.

Қазақстандық жас физиктер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, бес бірдей алтын медаль иеленді. Бұл – еліміздің IPhO олимпиадасына қатысу тарихындағы ең үздік көрсеткіш.

Алтын медаль алған оқушылар:

  • Азатбеков Амирбек – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Қазымбек Илияс – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Егенбергенова Нұргүл – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы;
  • Черемнов Роман – Алматы қаласындағы "Мирас" халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Құрман Дамир – Астана қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы.

"Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының мәліметінше, ұлттық құрама бұл додаға үш жыл бойы жүйелі түрде дайындалған. Оқушылармен мектеп мұғалімдері, тәлімгерлер және ұлттық құраманың жаттықтырушылары жұмыс істеген.

Дайындық жұмыстарына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Гүлия Нұрбақова жетекшілік етті. Ал ұлттық құраманың олимпиадаға қатысуын SDU университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Самат Мақсұтов пен халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Алишер Еркебаев үйлестірді.

Қазақстан Халықаралық физика олимпиадасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. 2025 жылы ұлттық құрама екі күміс және үш қола медаль жеңіп алған еді. Биыл бес оқушының барлығы алтын жүлдеге ие болып, ел тарихындағы жаңа рекордты тіркеді.