Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Атырауда хирург тегін жасалатын ота үшін пациенттерден ақша алған

Атырауда хирург тегін жасалатын ота үшін пациенттерден ақша алған
Фото:depositphotos.com

Атырау облысында хирургке қатысты алаяқтық және заңсыз сыйақы алу фактілері бойынша жүргізілген тергеу аяқталды, деп хабарлайды Arasha.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдікті 2023-2025 жылдар аралығында екі медициналық мекемеде жұмыс істеп, пациенттерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тегін жасалатын варикоз дертіне арналған операциялар үшін ақша алып отырған.

Тергеу барысында дәрігер науқастарға бұл ота мемлекет есебінен жүргізілетінін айтпағаны анықталған. Ал алынған қаражатты өзінің жеке банк шоттарына аудартып отырған.

Сонымен қатар DamuMed жүйесіне пациенттерге тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәлімет енгізілген. Соның негізінде медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржы алып отырған.

Осылайша бір медициналық қызметке екі рет төлем жасалған: бірін мемлекет төлесе, екіншісін пациенттердің өздері төлеген.

Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті 42 пациенттен заңсыз түрде 8 миллион теңгеден астам қаржы алған. Ал осы операциялар үшін медициналық ұйымдарға МӘМС қоры арқылы 14,8 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.

Бұдан бөлек, дәрігердің өзінің қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз сыйақы алғаны да анықталған.

Қазіргі уақытта күдіктіге елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.