Бүгін, 14 шілде күні сағат 15:00-де мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сот Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты үкім шығарады, деп хабарлайды Arasha.kz, Bairaq Media-ға сілтеме жасап.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы соттан Сұлтан Сәрсемәлиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Прокурордың айтуынша, сотталушының кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденген. Ал Сәрсемәлиев соттың кез келген шешімін қабылдайтынын мәлімдеген.
Еске салсақ, биылғы қаңтар айында Атырау облысының Қызылқоға ауданында ерлі-зайыпты зейнеткерлердің мәйіті табылып, бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Осыдан кейін Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева халықаралық іздеуге жарияланды. Алғашында Ақбаян Мұқанғалиева хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде қарастырылған.
Кейінірек қаза тапқан ерлі-зайыптылардың тағы екі баласының денесі табылды. Күдіктілер 24 ақпанда Индонезияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Тергеу барысында Сұлтан Сәрсемәлиев балаларды өлтіргенін мойындап, олардың мәйіттері жасырылған орынды көрсеткен.
Ақбаян Мұқанғалиева бұған дейін іс бойынша күдікті ретінде танылған. Қазіргі уақытта оған қатысты тағайындалған сот-психологиялық және психиатриялық сараптаманың қорытындысы күтілуде. Ал күдіктілердің балалары мемлекет қорғауына алынған.