Түркістан облысында балаларымен жоғалып кеткен әйел табылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Отырар ауданының тұрғыны жұбайы төрт баласымен бірге 7 күн бұрын үйден шығып кетіп, хабар-ошарсыз қалғаны туралы полицияға арызданған. Бұл дерек бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен Отырар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бірлесіп, жедел іздестіру жұмыстарын ұйымдастырған.
Із-түссіз жоғалған әйелдің қасында жастары 6, 5, 3 және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, көліктерді тексерген. Сонымен қатар, көршілес аумақтарға арнайы бағыттамалар жолданып, іздеу шаралары күшейтілген.
Нәтижесінде жоғалған әйел балаларымен бірге таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеріс барысында әйел күйеуімен арада болған тұрмыстық келіспеушіліктен кейін ренжіп, балаларын және құжаттарын алып, Шымкент қаласына кетіп қалғаны белгілі болды. Онда ешкімге айтпастан пәтер жалдап тұрғаны анықталды.
"Жақын туыстары шақырылып, полиция қызметкерлері тарапынан профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Отбасы мүшелері өзара татуласып, үйлеріне аман-есен оралды", - деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі өкілі.