Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
қылмыс

«Ар-намысымды тазарттым»: Түркияда енесі келінін опасыздыққа күдіктеніп атып өлтірді

«Ар-намысымды тазарттым»: Түркияда енесі келінін опасыздыққа күдіктеніп атып өлтірді
Сурет ЖИ арқылы жасалған

Түркияның Ыстанбұл қаласында болған қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Енесі келінін ұлының көзіне шөп салды деп күдіктеніп, атып өлтірген, деп хабарлайды Arasha.kzRen.tv-ге сілтеме жасап.

Оқиға Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эскишехир ықшамауданында болған. Тергеу мәліметінше, 58 жастағы Менекше К. 25 жастағы келіні Бурчин Шахинге тапаншамен бірнеше рет оқ атқан. Дәрігерлер оқиға орнына жеткенімен, жас әйелдің өмірін аман алып қала алмады.


 

Полиция үйдің ішінде төрт, сыртында екі оқ гильзасын тапқан. Марқұмның артында екі баласы қалған.

Белгілі болғандай, Бурчиннің күйеуі Хайдаржан К. ұрлық ісі бойынша алты жылдан бері түрмеде жазасын өтеп жатыр. Осы уақыт бойы келіні енесімен бірге тұрған. Менекше келінін ұлына опасыздық жасады деп күдіктенген. Қайғылы оқиға болатын күні ол Бурчиннің телефонынан хат-хабарларды көріп, күдігі күшейген. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал шыққан.

Күдікті полицияға берген жауабында алдымен келінін райынан қайтаруға тырысқанын айтқан.

«Мен одан: "Менің ұлыма қалай опасыздық жасайсың? Екі балаң бар, ұялмайсың ба?" деп сұрадым», – деген ол.

Әйелдің айтуынша, кейін Бурчиннің ағалары балаларды алып кеткен. Үйде екеуі ғана қалған кезде жанжал қайта жалғасқан.

«Одан тағы да мұндай әрекетке қалай барғанын сұрадым. Ол болса: "Бәрібір осылай істеймін" деп жауап берді. Ашуға булығып, оқ аттым», - деген күдікті.

Қылмыстан кейін Менекше балконға шығып:

«Мен келінімді өлтірдім, ар-намысымды тазарттым», - деп айқайлаған. Кейін біраз уақыт балконда отырып темекі шеккен.

Кейін күдіктінің бұған дейін де есірткі саудасына байланысты сотталғаны анықталды. Ол осы қылмысы үшін алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айырылған.

Мұндай қылмыстар Түркияда «ар-намыс үшін жасалған кісі өлтіру» ретінде белгілі. Көбіне консервативті отбасыларда кездесетін мұндай оқиғалардың құрбаны әйелдер болады. Олар отбасының абыройына нұқсан келтірді деген күдікпен зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Заңнаманың қатаңдатылғанына қарамастан, мұндай қылмыстар елдің түрлі өңірінде әлі де тіркеліп келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Түркияда тағы бір резонансты оқиға болған еді. 2025 жылы Ыстанбұл маңындағы орманнан 18 жастағы Ойя Будактың мәйіті табылған. Тергеу мәліметінше, оны орманға кездесуге шақырған 19 жастағы жігіті Самет атып кеткен.

Кейін белгілі болғандай, бойжеткен алты айлық жүкті болған. Алайда құрсағындағы сәби Саметтен емес, бұған дейін зорлаған ересек ер адамнан болған. Қайғылы жағдайдан кейін күдікті ұсталып, зорлады деп айыпталған ер адам да құқық қорғау органдарының қолына түскен.

Түркияда әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылық қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты ел президенті Режеп Тайып Ердоған әйелдерді өлтіргендерге қатысты жазаны қатаңдату қажеттігін мәлімдеп, шартты түрде мерзімінен бұрын босату тәртібін қайта қарауды ұсынған.