Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Аптап ыстық, бұршақ пен шаңды дауыл: 15 шілдеге арналған ауа райы болжамы

Аптап ыстық, бұршақ пен шаңды дауыл: 15 шілдеге арналған ауа райы болжамы
pixabay.com

15 шілдеде Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады. Бірқатар өңірде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл тұрады. Ал елдің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында аптап ыстық пен жоғары өрт қаупі күтіледі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Астанада өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнап, дауыл тұруы ықтимал. Оңтүстік-шығыстан соққан жел солтүстік-батысқа ауысып, кей уақытта екпіні 15–20 м/с-қа жетеді.

Қостанай облысының солтүстік-шығысында түнде, батысы, солтүстігі мен шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ пен дауыл болжанады. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Қостанай қаласында да жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауыл күтіледі.

Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігі мен шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсіп, дауыл тұрады. Желдің жылдамдығы кей уақытта 23–28 м/с-қа дейін күшейеді. Петропавлда түнде жаңбыр жауып, күн күркірейді.

Батыс Қазақстан облысының батысы, солтүстігі мен шығысында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанады. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Оралда күндіз жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал.

Ақтөбе облысының солтүстігі мен орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ пен дауыл күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с, жекелеген аудандарда 23 м/с-қа дейін жетеді. Облыстың оңтүстігінде ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батысында түнде және таңертең тұман түседі. Желдің екпіні 15–18 м/с болады. Ақтауда таңғы уақытта тұман болжанады.

Атырау облысының солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Атырау қаласында түнде және таңертең аздаған жаңбыр жауады.

Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында шаңды дауыл тұрады. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетеді. Қызылорда қаласында күндіз ауа температурасы 40–42 градусқа дейін көтеріліп, төтенше өрт қаупі сақталады.

Жамбыл облысында жоғары және төтенше өрт қаупі күтіледі. Таулы аудандарда желдің екпіні 15–20 м/с болады. Таразда күндіз 39–41 градус аптап ыстық болжанады.

Алматы облысының таулы аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Өңірде ауа температурасы 35–38 градусқа дейін көтеріледі. Алматыда 35 градус, Қонаевта 36–38 градус ыстық болады.

Жетісу облысының таулы аймақтарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Облыстың шығысында желдің екпіні 15–20 м/с болады. Талдықорған мен бірқатар ауданда жоғары өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысының батысы, солтүстігі, шығысы және орталығында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Қарағанды қаласында күндіз 35 градус ыстық болып, желдің екпіні 15 м/с-қа жетеді.

Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында жел 15 м/с жылдамдықпен соғады. Өңірде, соның ішінде Жезқазғанда жоғары өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Павлодар қаласында да жел күшейіп, жоғары өрт қаупі күтіледі.

Абай облысының батысы мен оңтүстік-батысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің екпіні 15–20 м/с болады. Семейде күндіз ауа температурасы 35–37 градусқа дейін көтеріліп, жоғары өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысының шығысы мен оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с-қа жетеді. Өскеменде күндіз 35–36 градус ыстық болып, төтенше өрт қаупі сақталады.

Синоптиктер тұрғындарды дауылды ескертулерге назар аударуға, аптап ыстық кезінде күн астында ұзақ жүрмеуге және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.