Түркияда оқ тиіп қаза тапқан Қазақстан азаматы Ариф Исмаиловтың өліміне қатысты қылмысты ұйымдастырушылар мен тапсырыс берушілер анықталды. Бұл туралы Қазақстанның Ішкі істер министрлігі хабарлады, деп жазады Arasha.kz.
Оқиға 2026 жылдың наурыз айында Ыстанбұл қаласының Фатих ауданында болған. БАҚ мәліметінше, жеке логистикалық компанияда курьер болып жұмыс істеген ер адамға белгісіз біреу жақындап келіп, басынан атқан. Қылмыскер оқиға орнынан қашып кеткен, ал жәбірленуші алған жарақатынан көз жұмған.
Осыдан кейін бірнеше мемлекеттің құқық қорғау органдары бірлескен тергеу жүргізіп, қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстады.
"Тергеу барысында қылмыстың себебі, кісі өлтіруді ұйымдастырушы және тапсырыс беруші анықталды. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың өкілдері әрі халықаралық іздеуде жүрген", – делінген полиция хабарламасында.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, аталған қылмыстық топтың жетекшісі қазіргі уақытта АҚШ-та журналисті өлтіруге оқталу ісі бойынша жазасын өтеп жатыр.
Тергеу кезінде алынған деректер күдіктілердің Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берген.
Соның ішінде 2025 жылдың тамызында Алматы тұрғынын өлтіруге әрекеттенген ұйымдасқан қылмыстық топтың киллерлерінің бірі ұсталды. Одан тапанша тәркіленген.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жіберілді.