Әлеуметтік желілерде үш әйелімен бірге тұратынын ашық көрсететін қазақстандық блогердің видеолары қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz, Ait_news-ке сілтеме жасап.
Желіде тараған видеоларда блогердің үш отбасымен күнделікті тұрмысы көрсетіледі. Әйелдердің жүздері смайликтермен жабылған. Автор бірнеше отбасын асырау қаржылық тұрғыдан оңай емес екенін де жасырмай айтып жүр.
Желі қолданушыларының басым бөлігі мұндай өмір салтын сынға алды. Пікір қалдырушылар Қазақстанда көпәйел алуға заң жүзінде рұқсат етілмегенін еске салып, мұндай контенттің этикалық және құқықтық жағына күмән келтірген.
Пікірлердің бірінде:
«Бұл - көпәйел алу емес, азғындық. Қазақстан - құқықтық мемлекет, мұнда көпәйел алуға тыйым салынған. Мұндай видеоларды оның насихаты ретінде қабылдауға болады. Бір ер адамның бірнеше әйелді бірдей шынайы сүйетініне сенбеймін», - делінген.
Ал блогердің өзі қоғамға зиян келтірмейтінін айтып, өз таңдауы үшін жауапкершілікті өзі көтеретінін жеткізді.
«Біз бұл әлемді нашарлатып жүрген адамдардың қатарынан емеспіз. Отбасымызбен жұмыс істейміз, балалар тәрбиелеп отырмыз және өз таңдауымыз үшін өзіміз жауап береміз. Қалғанын әркім өзі бағалайды», - дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстан заңнамасына сәйкес, елде АХАТ органдарында тіркелген бір ер адам мен бір әйел арасындағы неке ғана ресми танылады. Ал бірінші неке бұзылмай тұрып, екінші некені тіркеуге заңмен жол берілмейді. Сондықтан мұндай қатынастардың заңды мәртебесі болмайды және оған қатысушыларға құқықтық кепілдіктер берілмейді.