Ресейдің Омбы қаласындағы гүлзарлардың біріне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың есімін беру ұсынылды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл бастаманы Омбы қалалық кеңесінің қала құрылысы, сәулет және жер пайдалану мәселелері жөніндегі комитеті қолдаған.
Гүлзар Гагарин көшесінде, соғыс ардагерлеріне арналған госпитальдің маңында орналасқан. Кемел Тоқаев 1945 жылы майданда ауыр жарақат алғаннан кейін дәл осы жерде ем қабылдаған.
Ол кезде Кемел Тоқаев автоматшылар бөлімшесінің командирі болған. Майданда аяғынан ауыр жараланып, Омбы қаласындағы №1494 эвакуациялық госпитальге жеткізілген. Дәрігерлер оның аяғын ампутациядан сақтап қалған.
Кейін аталған медициналық мекеменің орнына соғыс ардагерлеріне арналған госпиталь салынған. 2020 жылы оның ғимаратына Кемел Тоқаевтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.
Гүлзарға жазушының есімін беру туралы ұсынысты Омбы облысындағы өңірлік қазақ ұлттық-мәдени автономиясы көтерген.
Енді бастама Омбы қалалық кеңесінің пленарлық отырысында қаралады. Түпкілікті шешімді депутаттар қабылдайды.
Кемел Тоқаев – Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, белгілі қазақ жазушысы және отандық детектив жанрының негізін қалаушылардың бірі. Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі.