Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісім білдірді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министр «Хабар» агенттігі түсірген «4739» деректі фильмін көргеннен кейін адам өмірінің құндылығы мен трансплантация мәселесіне тереңірек мән бергенін жеткізді.
«Адам өмірі - табиғаттың қайталанбас сыйы әрі бұл дүниедегі ештеңемен өлшеуге келмейтін ең жоғары құндылық. Бұл - мемлекет, қоғам, заң және дін мойындаған ақиқат», - деп жазды Аида Балаева.
Оның айтуынша, аталған фильм қазіргі трансплантологияның технологиялық мүмкіндіктерін ғана көрсетпейді. Туынды әр науқастың өмірге деген үмітін, жақынынан айырылған отбасының қайғысын және адам рухының беріктігін де бейнелейді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 4 739 адам ағза алмастыру кезегінде тұр. Олардың арасында 125 бала бар.
«Бұл санның артында 4 739 адамның үміті, жақындарының мейірімі мен болашаққа деген сенімі тұр», - деді министр.
Аида Балаеваның мәліметінше, еліміздегі трансплантация операцияларының шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың көмегімен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.
Министр донор болу немесе болмау әр адамның жеке таңдауы екенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай күрделі әрі нәзік мәселеде ешкімге қысым жасалмауы керек.
«Бұл тақырыпта екі тарапты да түсіну маңызды. Бір жағында донорлық ағзаны күтіп, өмір сүруге үміттеніп отырған адамдар бар. Екінші жағында жақынынан айырылған отбасының орны толмас қайғысы тұр. Сондықтан бұл нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Мұнда қысым да, айыптау да болмауға тиіс. Әр адамның және әр отбасының шешіміне құрметпен қарау қажет», - деп жазды ол.
Сонымен қатар Аида Балаева өзінің жеке ұстанымын да білдірді.
«Егер бір күні жақындарымның алдында осындай таңдау тұрса, олардың өмір сүруге талпынған адамға мүмкіндік берудің қаншалықты маңызды екенін түсінгенін қалар едім. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беретінімді жауапкершілікпен мәлімдеймін», - деді министр.
Оның айтуынша, бір адамның шешімі басқа бір жанның барлық қиындыққа қарамастан өмірін жалғастыруына мүмкіндік бере алады.
Министр қоғамды бұл тақырыпты қорқыныш арқылы емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген терең құрметпен талқылауға шақырды.
«Трансплантацияны күтіп отырған әрбір адам өмірге деген үмітінің арқасында күресіп жүр. Сол үмітті сақтау – баршамызға ортақ адамгершілік міндет», - деп түйіндеді Аида Балаева.
«4739» деректі фильмі 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көрсетіледі.