Астана маңындағы Софиевка ауылында орналасқан QULATAY ат спорты кешенінде соңғы екі айдың ішінде екі адам ауыр жарақат алды. 10 мамырда 20 жастағы Дінмұхамед аттан құлап, мойын омыртқасынан ауыр жарақат алып, бірнеше күрделі отадан өтті. Араға бір айға жетер-жетпес уақыт салып, дәл осы кешенде 19 жастағы Ақбота Слямова да аттан құлап, иығы мен жауырын сүйегін сындырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Arasha.kz бұған дейін осы екі оқиғаға қатысты арнайы материал жариялап, зардап шеккендердің туыстарымен және Ақбота Слямовамен сөйлескен болатын. Екеуі де ипподром тарапынан өздеріне қолдау көрсетілмегенін айтып, кешен басшылығының оқиғадан кейін байланысқа шықпағанын жеткізген.
Материал жарияланғаннан кейін редакция QULATAY ат спорты кешенінің басшысы Ернар Мұхтарұлынанресми пікір алуға тағы да әрекет жасады.
Алайда ол сұрақтарға жауап беруден бас тартып:
«Барлық жағдайларға байланысты жауап береміз. Жеке парақшамызда», - деп қысқа ғана жауап берді.
Дегенмен, осы уақытқа дейін QULATAY ат спорты кешенінің ресми парақшаларында аталған екі оқиғаға қатысты ешқандай ресми мәлімдеме жарияланған жоқ.
Оның орнына әлеуметтік желілерде кешен қызметкерлері мен өзін тұрақты келуші ретінде таныстырған кейбір адамдар QULATAY-ды қорғаған жазбалар жариялай бастады.
Зардап шеккен жігіттің туыстары: «Жағдайы әлі тұрақталған жоқ»
Arasha.kz редакциясы ауыр жарақат алған Дінмұхамедтің туыстарымен қайта байланысқа шықты.
Олардың айтуынша, жігіттің жағдайы әлі де ауыр.
«Полицияға арыз жаздық. Бірақ қабылдамай қойды. Ат спорты кешені бізбен осы уақытқа дейін байланысқа шыққан жоқ. Жағдайы әлі тұрақталған жоқ», - деді туысы редакцияға.
Ал Дінмұхамедтің тағы бір туысы құқық қорғау органдары бастапқыда қылмыстық құрам жоқ деген негізбен арызды қабылдамағанын, соған қарамастан толыққанды тексеру жүргізілмегенін айтты.
Екінші зардап шегуші: «Көмектесеміз деді, кейін мүлдем хабарласпады»
Аттан құлап, иығы мен жауырынын сындырған Ақбота Слямова да редакцияға бұған дейін айтқан сөзін растады.
Оның айтуынша, бастапқыда ипподром өкілдері көмек көрсететіндерін айтып, арыз жазбауды сұраған.
«Маған арыз жазбаңыз, көмектесеміз деді. Кейін өздері мүлдем байланысқа шықпады. Ағам барған кезде "құлағанның бәріне ақша бере беруіміз керек пе?" деген жауап алған», - дейді Ақбота.
Ол кейін полицияға арыз жазуға барғанын, алайда қарсы тарап та арыз жазатыны айтылған соң алғашқы арызын қайтарып алғанын жеткізді.
Threads-та пікір екіге бөлінді
Оқиғалардан кейін Threads әлеуметтік желісінде QULATAY ат спорты кешені туралы қызу пікірталас басталды.
Кешенді жақтап жазған кейбір қолданушылар барлық келушіге атқа мінер алдында міндетті түрде қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық өткізілетінін мәлімдеді.
Алайда дәл сол жазбалардың астында өзін бұрынғы қонақ ретінде таныстырған бірнеше адам мұнымен келіспейтінін айтты.
Бір қолданушы атқа мінер алдында толыққанды нұсқаулық болмағанын айтып, өзі де бұрын аттан құлағанын жазған.
Тағы бір желі қолданушысы нұсқаушының қалжыңдаймын деп атын қамшымен ұрып жібергенін, содан кейін үріккен аттың қатты шаба жөнелгенін айтып, өзі де ауыр жарақат алуға шақ қалғанын жеткізді.

Сондай-ақ кейбір қолданушылар оқиғадан кейін кешен тарапынан зардап шеккендердің жағдайын сұрап, кешірім сұрау немесе қолдау көрсету әрекеттері болмағанын сынға алды.
Ауыр оқиғаларға қарамастан түнгі серуен ұйымдастырылды
Желі қолданушыларының алаңдаушылығын тудырған тағы бір мәселе - соңғы екі айда екі ауыр жарақат тіркелгеніне қарамастан, QULATAY ат спорты кешенінің түнгі атпен серуен қызметін іске қосуы болды.
Бұл шешім әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырып, көпшілік қауіпсіздік талаптарының сақталуына қатысты сұрақтар қойып жатыр.