Мәскеуде неке жүзігінің кесірінен ауыр жарақат алған әйел қол микрохирургиясы орталығына жеткізілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оқиға әйел саяжайда жұмыс істеп жүрген кезде болған. Оның саусағындағы жүзік қоршаудың шығыңқы бөлігіне ілініп қалған. Әйел қолын күрт тартып қалған сәтте саусағы жұлынып кете жаздаған.
"Московская медицина" Telegram арнасының мәліметінше, дәрігерлер алдымен зақымданған саусақтағы қан айналымын қалпына келтіруге кіріскен.
Микрохирург Александр Сухининнің айтуынша, мамандар ота кезінде сүйектерді, сіңірлерді, жүйкелерді, қан тамырлары мен жұмсақ тіндерді кезең-кезеңімен қалпына келтірген.
Қол микрохирургиясы орталығының басшысы Георгий Назарян жарақат алу қаупі бар жұмыстарды бастамас бұрын сақина, жүзік және басқа да әшекейлерді шешіп қоюға кеңес берді.
Оның сөзінше, қолды күрт тартқан кезде жүзік саусақтан шығып кетпей, жұмсақ тіндерді қатты қысып қалады. Мұндай жағдайда тері, қан тамырлары, жүйкелер мен сіңірлерге бір мезетте зақым келуі мүмкін. Сондықтан дәрігерлер бұл жарақатты аса күрделі деп бағалайды.
Операция сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта әйел саусағының қозғалысы мен қызметін қалпына келтіруге бағытталған оңалту курсынан өтіп жатыр.