Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Айтбек Амангелді Бақытжан Байжановтың бостандыққа шығуына қатысты пікір айтты

Айтбек Амангелді Бақытжан Байжановтың бостандыққа шығуына қатысты пікір айтты
Фото-коллаж: kznews.kz

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді рақымшылық негізінде бостандыққа шыққан Бақытжан Байжановқа қатысты ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол Instagram желісіндегі парақшасында отбасы адвокаттарының бұл мәселені жан-жақты зерттегенін жазды. Заңгерлердің қорытындысы бойынша, қабылданған шешімге ықпал етудің заңды тетігі болмаған.

Айтбек Амангелдінің сөзінше, рақымшылық қолдану мәселесі қолданыстағы тәртіпке сәйкес жәбірленуші тараптың қатысуынсыз қаралған.

"Рақымшылық кінәсіз деп тануды білдірмейді"

Амангелді Бақытжан Байжановтың бостандыққа шығуы оның кінәсіз деп танылғанын білдірмейтінін атап өтті.

"Рақымшылық сот үкімінің күшін жоймайды, адамды кінәсіз деп танып, сот анықтаған кінәні жоққа шығармайды. Байжанов алты жыл бойы пробациялық бақылауда болады және қылмыс жасаған адам ретінде қала береді", – деп жазды ол.

Кейінірек Айтбек Амангелді бейнеүндеу жариялап, отбасы мүшелері мен адвокаттардың жағдайды егжей-тегжейлі талқылағанын айтты.

Оның сөзінше, Байжанов кассациялық сатыда өзін кінәсіз деп тануға тырысқанымен, сот оның талабын қанағаттандырмаған. Сондықтан оған қатысты сот үкімі мен соттылық мәртебесі сақталады.

"Біз бұл шешімге ықпал ете алмаймыз. Кассациялық сатыда жеңіске жеттік. Оның мақсаты өзін кінәсіз деп таныту болатын, алайда бұл жүзеге аспады. Соттылығы сақталады", – деді ол.

Айтбек Амангелді бұл жағдайды қабылдау өзіне ауыр тигенін жасырмады. Дегенмен қазіргі уақытта аталған мәселені жабық деп санайтынын жеткізді.

Байжанов қалай босатылды?

Бақытжан Байжанов 22 шілдеде рақымшылық туралы заңды қолдану жөніндегі сот қаулысы негізінде бостандыққа шыққан.

Сот түзеу мекемесі әкімшілігінің өтінішін қанағаттандырып, оның жазасының өтелмеген бөлігін қысқартқан және дереу босату туралы шешім қабылдаған.

Бостандыққа шыққаннан кейін Бақытжан Байжановқа алты жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленді.