Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Өзбекстанда бұрынғы имам Одилхон Исмоилов сегіз жылға жуық мерзімге сотталды

Өзбекстанда бұрынғы имам Одилхон Исмоилов сегіз жылға жуық мерзімге сотталды
Фото: ашық дереккөзден

Өзбекстанда "Rayxon oilaviy milliy taomlari" мекемесінің құрылтайшысы әрі бұрынғы имам Одилхон Исмоилов қаржы жымқыру, қызметтік жалғандық жасау және құжаттарды қолдан жасауға байланысты қылмыстар бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Өзбекстан Жоғарғы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Пап аудандық қылмыстық істер жөніндегі сот Одилхон Исмоилов пен тағы алты адамға қатысты үкім шығарған.

Сотталушылар сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету, қызметтік құжаттарға жалған мәлімет енгізу, құжаттарды иемдену, жою, бүлдіру немесе жасыру, сондай-ақ құжаттар мен мөрлерді қолдан жасау баптары бойынша жауапқа тартылды.

Одилхон Исмоилов сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда Қылмыстық кодекстің 62-бабы ескеріліп, оған тағайындалған түпкілікті жаза мерзімі 7 жыл 11 ай 28 күн болып белгіленді.

Іс бойынша айыпталған қалған алты адамға олардың қылмысқа қатысу деңгейіне қарай әртүрлі мерзімге жаза тағайындалған.

Сонымен қатар сот келтірілген материалдық шығынды сотталғандардан ортақ тәртіппен өндіріп алу туралы шешім қабылдады. Бірінші сатыдағы сот үкіміне Наманган облыстық сотында апелляциялық немесе кассациялық тәртіппен шағым түсіруге болады.

Одилхон Исмоилов 1977 жылы Наманган облысында дүниеге келген. Ол 2010 жылдан бастап Ташкент қаласының бас имам-хатибінің орынбасары қызметін атқарған.

2011–2018 жылдары Шайхантахур ауданының бас имам-хатибі және "Шейх Зайниддин" мешітінің имам-хатибі болған. 2018 жылы интернетте расталмаған ақпарат таратқаны және денсаулығына байланысты Мұсылмандар басқармасындағы қызметінен босатылған.

Кейін «Вақф» қайырымдылық қорында жұмыс істеп, 2019 жылы "Хожа Аламбардор" мешітінің имам-хатибі болып тағайындалған. Алайда сол жылдың қыркүйегінде денсаулығына байланысты өз еркімен қызметінен кеткен.

Одилхон Исмоилов 2026 жылғы қаңтарда қаржы жымқыру және өзге де қылмыстар жасады деген күдікпен қамауға алынған.