Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Тоқаев Тоқтар Әубәкіровті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады

Тоқаев Тоқтар Әубәкіровті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады
Тоқтар Әубәкіров пен Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото-коллаж: Arasha.kz / ЖИ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровті 80 жасқа толуымен құттықтады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысының құттықтау хатын Астанада өткен салтанатты жиында премьер-министр Олжас Бектенов оқып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқтар Әубәкіровтің ел тарихындағы орны мен авиация саласындағы ерен еңбегіне ерекше тоқталды.

"Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз", – делінген Президенттің құттықтауында.

Мемлекет басшысы мерейтой иесінің аэроғарыш және қорғаныс өнеркәсібі салаларының дамуына қосқан үлесін де атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқтар Әубәкіровке зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ал отбасына амандық пен бақ-береке тіледі.

Айта кетейік, Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 27 шілдеде 80 жасқа толды.