Бір ай бұрын Small дүкенінде сатып алушымен қазақ тілінде сөйлескен қызметкер қыздың қызметтік сатыда жоғарылағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әлеуметтік желідегі парақшалардың бірінің мәліметінше, көпшіліктің қолдауына ие болған бойжеткенге жаңа қызмет ұсынылған. Алайда оның қандай лауазымға тағайындалғаны әзірге хабарланған жоқ.
Оқиға шамамен бір ай бұрын болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода сатып алушы әйел дүкен қызметкерінен орыс тілінде жауап беруді бірнеше рет талап еткен.
Қыз кассаның уақытша жұмыс істемей тұрғанын және жақын арада тағы бір кассир келетінін қазақ тілінде сабырмен түсіндірген. Соған қарамастан, сатып алушы оның орысша сөйлеуін талап етуді жалғастырған.
Видео әлеуметтік желіде кеңінен тарап, қызу талқыланды. Желі қолданушыларының басым бөлігі қызметкердің сабырлы әрекетін және мемлекеттік тілде жауап бергенін қолдап, оған алғыс білдірді.
Енді бойжеткеннің еңбегі еленіп, жоғары қызметке ауысқаны айтылып отыр. Дегенмен Small дүкендер желісі бұл ақпаратты әзірге ресми түрде растаған жоқ.