Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы қолданыстағы келісімдерге өзгеріс енгізу жөніндегі келіссөздерді бастауға рұқсат берді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тиісті өкімдерге 27 шілдеде қол қойылып, Ресейдің құқықтық ақпарат порталында жарияланды. Құжаттардың бірі Қазақстанмен 2013 жылғы 24 желтоқсанда жасалған келісімге, екіншісі Өзбекстанмен 2016 жылғы 29 қарашада бекітілген шартқа қатысты.
Қолданыстағы келісімдер тараптар арасындағы әскери мақсаттағы өнімдердің өзара жеткізілуін реттейді. Олардың қатарына қару-жарақ, әскери техника, технологиялар, арнайы ақпарат пен техникалық құжаттар кіреді.
Сонымен қатар құжаттарда қару-жарақты жөндеу және жаңғырту, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, ортақ өндіріс орындарын ашу және әскери мамандарды даярлау мәселелері қарастырылған. Әскери өнімдер екі бағытта да, яғни Ресейден Қазақстан мен Өзбекстанға және кері бағытта жеткізілуі мүмкін.
Жаңа келісімдерге нақты қандай өзгерістер енгізілетіні әзірге айтылған жоқ.
Өкімдер жарияланған күні The Insider басылымы Қазақстаннан Ресейге бериллий оксидінен жасалған керамиканың жеткізілуі туралы зерттеу жариялады. Басылым мәліметінше, мұндай өнімнің Ресейге экспорты 2025 жылы шамамен 8 миллион долларға жеткен. Соғысқа дейін бұл көрсеткіш жылына 1 миллион доллар шамасында болған.