Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

"Қарғыстан арылтамыз" деген үш әйел зейнеткердің 15 млн теңгесін қағып алған

"Қарғыстан арылтамыз" деген үш әйел зейнеткердің 15 млн теңгесін қағып алған
unsplash.com

Қарағандыда өзін емші әрі балгер ретінде таныстырған үш әйел 78 жастағы зейнеткерді алдап, оның ақшасы мен алтын әшекейлерін иемденді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Polisia.kz мәліметінше, жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 15 миллион теңгеге бағаланған.

Тергеу дерегіне сәйкес, оқиға 2025 жылдың желтоқсанында болған. Күдіктілер көшеде егде жастағы әйелмен танысып, оның сеніміне кірген. Кейін қарияға бойында "ескі қарғыс" барын айтып, оны қорқыта бастаған.

Әйелдер қарғысты қайтару үшін арнайы ырым жасау керектігін айтып, зейнеткерден үйіндегі барлық ақшасы мен алтын бұйымдарын әкелуді талап еткен. Қария бағалы заттарын газетке орап берген.

Күдіктілер оның орнына мөрленген түйіншек ұсынып, оны 40 күн бойы ашпау керектігін ескерткен. Алайда зейнеткер сол күні кешке күмәнданып, түйіншекті ашқан. Оның ішінен бағалы заттардың орнына бос қағаз шыққан.

Жәбірленушінің берген сипаттамасы бойынша полиция қызметкерлері күдіктілерді Теміртау қаласында ұстады. Олар Павлодар, Алматы қалалары мен Жетісу облысының тұрғындары болып шыққан.

Қазіргі уақытта үш әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеушілер олардың осыған ұқсас басқа да алаяқтық істерге қатысы болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр.

Полиция тұрғындарды өзін балгер, емші немесе көріпкел ретінде таныстырып, "қарғысты қайтарамыз" және "көз тиюден арылтамыз" деген сылтаумен ақша мен бағалы заттарды сұрайтын адамдарға сенбеуге шақырды.