Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Әлем

66 жыл бұрын отбасынан адасып қалған ер адам басқа елден 50-ге жуық туысын тапты

66 жыл бұрын отбасынан адасып қалған ер адам басқа елден 50-ге жуық туысын тапты
Фото-коллаж: Рeople.com

АҚШ тұрғыны Карло Арко ұзақ жылдар бойы іздеген биологиялық туыстарын ДНҚ-тестінің көмегімен тапты. Ол Италиядан бір әкеден туған інісі мен 50-ге жуық жақынын анықтаған, деп Arasha.kz тілшісі People басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Карло 1952 жылы Италияның Турин қаласында дүниеге келген. Алайда туған отбасы одан бас тартып, ол алдымен діни мекемеде тәрбиеленген. Кейін америкалық отбасы оны асырап алған.

66 жасында Карло инсульт алған. Денсаулығы нашарлаған кезде ол жұбайына туған-туыстарын тауып, олармен жүздесуді армандайтынын айтқан. Осыдан кейін әйелі оған ДНҚ-тест тапсыруды ұсынған.

Зерттеу нәтижесінде Карло Сицилияда тұратын, өзімен бір әкеден туған інісі Анджело Юппаны тапты. Анджело алғашында бұл ақпаратқа күмәнмен қарағанымен, Карлоны бейнебайланыс арқылы көргенде оның әкесіне қатты ұқсайтынын байқап, ағасы екеніне сенген.

Кейін Карло Италиядан 50-ге жуық туысын анықтаған. Анджело арнайы АҚШ-қа барып, ағасымен кездескен.

Алайда Карло Италияға барып, барлық туған-туысымен қауышып үлгермеді. Ол 71 жасында дүниеден өтті.

Карлоның қайтыс болғанынан кейін оның жұбайы мен қызы Сицилияға барып, жаңадан табылған туыстарымен кездесті. Сондай-ақ олар Карлоның дүниеге келген жерлерін аралаған.

Қазір АҚШ пен Италиядағы екі отбасы интернет арқылы тұрақты байланысып, алдағы кездесулерін жоспарлап отыр.