Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Саясат

«Жетінші арнада» сайлауалды теле дебаттың аралық дауыс беру нәтижесі жарияланды

«Жетінші арнада» сайлауалды теле дебаттың аралық дауыс беру нәтижесі жарияланды

Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен өтіп жатқан сайлауалды телевизиялық дебаттар жалғасуда. Тікелей эфирді «Жетінші арна» көрсетуде. Дебат барысында көрермендер QR-код арқылы онлайн дауыс беріп, аралық нәтижелер жарияланды.

Дебаттың алғашқы кезеңдерінде партия өкілдері өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, білім беру жүйесін дамытуға қатысты бастамаларын ұсынды. Қазіргі уақытта қатысушылар бір-біріне сұрақ қойып, бағдарламалардағы басымдықтар, оларды іске асыру тетіктері және мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасуда.

Партиялардың негізгі ұсыныстары

«Әділет» партиясының өкілі Рауан Кенжеханұлы білім беру жүйесін цифрландыруға бағытталған бастамаларды таныстырды. Партия жасанды интеллектіні білім беру саласына кеңінен енгізуді, жеке деректерді қорғауды, цифрлық қауіпсіздікті күшейтуді және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды ұсынады. Сондай-ақ алдағы бес жылда 5 миллион қазақстандықты цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дағдыларына оқыту жоспары ұсынылды.

Respublica партиясының өкілі Мейрамгүл Мәдәлі жоғары білімнің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беретінін айтты. Партия шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білім экспортын дамытуды, тәуелсіз аккредиттеу жүйесін жетілдіруді және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін кеңейтуді ұсынды.

ЖСДП өкілі Максут Насибулов жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, тегін жоғары білім беру популистік бастама емес және мұндай тәжірибе Еуропаның бірқатар мемлекетінде сәтті жүзеге асырылып келеді. Партия білім алу мүмкіндігі азаматтардың қаржылық жағдайына тәуелді болмауы тиіс деп есептейді.

«Байтак» партиясының өкілі Аслан Байзаханов экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, экологиялық ағарту жұмыстары балабақшадан бастап мемлекеттік басқару жүйесіне дейін үздіксіз жүргізілуі қажет. Сонымен қатар партия 150 мыңнан астам адамды қамтыған экологиялық сауаттылық бағдарламаларын жүзеге асырғанын мәлімдеді.

Қазақстанның Халық партиясының өкілі Бейбіт Құсайынов колледждерді бейінді жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына беру бастамасын ұсынды. Оның пікірінше, бұл студенттердің өндірістік тәжірибеден өтіп, оқуын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді және жұмысшы кадрлар тапшылығын азайтуға ықпал етеді.

«Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының орындалуын бақылауды күшейтуді ұсынды. Сонымен бірге ауылдық квота арқылы оқуға түскен түлектер оқуын аяқтағаннан кейін туған ауылдарына барып еңбек етуі тиіс екенін атап өтті.

«Ақ жол» партиясының өкілі Дулат Тастекей педагогтердің еңбек жағдайын жақсарту мен жалақысын көтеру қажеттігін айтты. Сондай-ақ партия білім беру және әлеуметтік саясат саласындағы заңнамалық бастамаларды жүйелі түрде ұсынып келе жатқанын жеткізді.

Онлайн дауыс берудің аралық нәтижелері

Тікелей эфир барысында көрермендерге «Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұрақ қойылып, QR-код арқылы дауыс беру ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытқа дейін 30 842 көрермен онлайн дауыс беруге қатысқан.

Аралық нәтижелер төмендегідей:

  • «Әділет» партиясы – 42,53 %;
  • ОСДП – 9,57 %;
  • «Байтак» партиясы – 1,32 %;
  • Қазақстанның Халық партиясы – 10,13 %;
  • «Ауыл» партиясы – 17,58 %;
  • «Ақ жол» партиясы – 7,22 %;
  • Respublica партиясы – 10,88 %;
  • «Ешқайсысын қолдамаймын» – 0,77 %.

Онлайн дауыс беру тікелей эфир аяқталғанға дейін жалғасады. Қорытынды нәтижелер телевизиялық дебаттар аяқталғаннан кейін жарияланады.

Бөлісу