Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Екі пойыз соқтығысып, 46 адам қаза тапты

Екі пойыз соқтығысып, 46 адам қаза тапты
Фото: әлеуметтік желі

Испанияда жантүршігерлік теміржол апаты болып, екі жүрдек пойыз соқтығысты. Қайғылы оқиға салдарынан 46 адам қаза тауып, 292 адам жарақат алды. Бұл — Испаниядағы соңғы он жылдан астам уақыттағы ең ауыр теміржол апаттарының бірі, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оқиға 18 қаңтар күні кешкі уақытта Кордова провинциясындағы Адамус қаласының маңында болған. Апатқа Малагадан Мадридке бағыт алған Iryo компаниясының жүрдек пойызы мен Мадридтен Уэльваға бара жатқан Испания мемлекеттік теміржол компаниясы Renfe-нің пойызы қатысқан. 

Алдын ала мәлімет бойынша, Малага–Мадрид бағытындағы пойыздың соңғы вагондары рельстен шығып, қарама-қарсы жолға өтіп кеткен. Сол сәтте қарсы бағытта келе жатқан екінші пойыз онымен соқтығысқан. Соққыдан Renfe пойызының алғашқы вагондары рельстен шығып, теміржол жағасындағы бірнеше метрлік еңіске құлаған. 

Апат орнында құтқару жұмыстары түні бойы жүргізілді. Қираған вагондардың арасынан зардап шеккендер шығарылып, жарақат алғандар жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді. Оқиға куәгерлері соқтығыс кезінде қатты соққы болғанын, вагондардың ішін қараңғылық басып, адамдардың көмек сұрап айқайлағанын айтқан. 

Қаза тапқандардың арасында пойыз машинисі де болған. Жарақат алғандардың ішінде жағдайы ауыр жолаушылар да бар.

Апаттың нақты себебін анықтау үшін тергеу басталды. Оқиғаның ерекше тұсы — пойыздар түзу әрі жақында жөндеуден өткен теміржол учаскесінде апатқа ұшыраған. Испания көлік министрі бұл жағдайды «өте түсініксіз» деп сипаттаған. 

Кейінгі тергеу барысында рельстің шамамен 40 сантиметрлік бөлігінің сынуы негізгі болжамдардың бірі ретінде қарастырылған. Зерттеушілер рельстегі ақау пойыздың рельстен шығуына себеп болуы мүмкін деп есептеген. 

Қайғылы оқиғадан кейін Испания билігі қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, елде қаралы шаралар ұйымдастырды.